4 Желтоқсан 2014, 10:01
Ұлы жол
Жан – Ордамның ашып тастап түндігін,
Желпінетін, серпілетін күн бүгін.
Желтоқсаным – жасымаған жігерім,
Желтоқсаным – Шырылдаған шындығым!
Шырылдаған шындық іздеп қызың мен
Ұлдарыңды өшірмегін тізімнен!
Желтоқсаным – менің Қазақ – төзімім,
Талай ғасыр шыдап келіп ...үзілген!
Елең етпей ет кессе де санымнан,
Сандалумен соқпағымнан жаңылғам,
Желтоқсаным – менің Қазақ – ашуым,
Жүріп – жүріп, ақыры кеп жарылған!
Ұрандайтын ұлың кетсе ұлтыңнан,
«Ұлы Жолда» ұлтанымыз жыртылған.
Желтоқсаным – менің Қазақ – жүрегім,
Тоқтап барып...сосын қайта бұлқынған!
Тұщы етіме ащы таяқ тигенмен,
Өлуге де, көнуге де үйренгем.
Желтоқсаным – менің Қазақ – аруым,
Бейуақта бұрымынан сүйрелген!
Қара шашы қара қанға малшынған,
Көз жаздық біз қаншама қыз, қанша ұлдан...
Желтоқсаным – менің Қазақ – қандасым,
Керзі етіктің табанында жаншылған.
Алтын ноқта арманымды басқа ұрған,
«Анаулардың» менмендігі асқынған.
Желтоқсаным – менің Қазақ – жанарым
Шарасыздан шеңберінде жас тұнған!
Атой салып кеудесінде бүлік ән,
Бүліне алмай дымы сосын құрыған.
Желтоқсаным – менің Бөрі – бауырым
Айдалада айға қарап ұлыған!
Күнің күлсе арай шашқан асқардан,
Керек емес басқа тірлік, басқа арман.
Желтоқсаным – менің Тәуелсіздігім,
Желтоқсанда желді күні басталған!
***
Асыл елім
Көтермей жүгін мазақтың,
Көнбей ісіне азаптың;
Тағдырдың сыйын көрді артық
Татқанша дәмін азаптың.
Қызғалдақ-ғұмыр қиылды,
Қаһарман қызы қазақтың.
Арын таптатпай өтті ару,
Қыршын жасында аз-ақ күн.
Енді туды ғой ел болып,
Аңсап өткен ол азат күн.
Ұмытпас атын ұрпақтар
Жарқ еткен жұлдыз Ләззаттың.
Он алты жасында от болып,
Жарқырап жанған шоқ болып.
Жаналғыш солдат зорлады,
Жауыздар кілең топ болып.
Жауқазын-көңіл жаншылды,
Жаманатты бастан өткеріп.
Жанына салған жарадан
Жауына жаман кектеніп;
«Қорлыққа мұндай көнгенше,
Кетейін, - деді, - жоқ болып».
Кешегі қанды күндерде
Атылды жауға оқ болып.
Арманы оның ақталды
Басына елдің бақ қонып.
Өзегі – толы өрт болған,
Жүрегі – шерлі дерт болған.
«Елімді азат етем», - деп,
Ерлерге лайық серт болған.
Бойына рухы бабаның
Қасиет болып кеп қонған.
Халқының көріп қайғысын,
Көкірегіне кек толған.
«Жалтақ боп қалған еліме
Жастар болады, - деп, - қорған».
Ақжазықтан ұшқан аққу ең,
Алматыға келіп, мерт болған.
Арналып оған алтын-жыр,
Аңыз қып атын халқым жүр.
Ерлігін Ләззат қызының
Ел болып бүгін айтып жүр.
Алтынай сынды анасы
Азабын әлі тартып жүр.
Жиырма бес жыл бойы жоқтаумен
Үкіметке үміт артып жүр.
Алайда, кейбір керауыз
Таратты сыбыс салқын бір:
«Алаңда болған жоқ ол», - деп,
Аузына келгенді тантып жүр.
Азаттықтың аппақ таңы үшін,
Ұлтының ұлан-бағы үшін
Опат болды ғой оғыландар,
Бас бақпай шыбын жаны үшін.
Соларды қорлап біреулер,
Сандырақтайды наны үшін.
Саясат үшін сандалап,
Тауық боп терген тарысын.
Ерлердің ісін ермек қып,
Еселеп жүр ғой табысын.
Жазасын алсын жендеттер,
Төгілген нақақ қан үшін.
Аузына келгенді айтпасын,
Арудың таптап намысын.
Шаханов ақын шамданды
Қаһармандардың халі үшін.
Ақ-қараны берді айырып,
Ақиқатты елім танысын!
Арашалайық, ағайын,
Жігерін қайрат жанысын.
Ұрпақтардың бойына
Ұлттық рух дарысын.
Күресейік, халайық,
Шындықтың шырқау әні үшін.
Тіл менен дінім, діл үшін –
Бағалы бізге бәрі үшін.
Асанова Ләззаттың
Ақ періштедей ары үшін.
Ешкім де мазақ қылмасын
Елімнің асыл арысын.
Көзінен жасы бұршақтап,
Көңілінен қайғы моншақтап;
Қаншама ұлан қаза боп,
Қара жамылды ел сол шақта-ақ.
Желтоқсан – менің жеңісім,
Туымды берік тұр сақтап.
Қара күйе жақса оған әлдекім,
Халқымыз кімге мұң шақпақ?!
Қайрат пен Ләззат бастаған
Қаһарман жастар жыр саптап;
Шетінен шейіт ерлерді
Жүректерінде жүр сақтап.
Бұлқынып бұла рухым,
Іздейді жаңа, тың соқпақ.
Шыдамның шынжыры үзілер
Тиісе берсе тіл шақпақ.
Жанартау-жүрек жарылар
Мың күнде емес, бір сәтте-ақ!
Желтоқсан – менің жалыным,
Жел болып соққан сарыным.
Алысамын деп алаңда,
Жығылған жастың жанымын.
Төбемнен ұрып шоқпарлар,
Төгілген мұзға қанымын.
Алқымға келіп тіреліп,
Айтылмай қалған әнімін.
Зая боп еткен еңбегім,
Қайратым менен қарымым.
Желге ұшқан асау алымым,
Жер құшқан асыл дарыным.
«Қазақстаным менің!» деп,
Қар құшқан қайран тәнімін.
Жанарынан ұлттың жас болып,
Топыраққа түскен дәнімін.
Қайраттың қайсар жырымын,
Ләззаттың әппақ арымын.
Кебінге ораған ерімді
Кебенек ішінен таныдым.
Желтоқсанда ащы аяз боп,
Жендеттің бетін қарыдым.
Ашылмаған соң ақиқат,
Арызымды айтып, налыдым.
Қара жерге көмілді-ау
Талай да тарлан алыбым.
Қан менен терге шомылған
Қазақтың асқақ жанымын!
«Халқым» деп соғар жүрегім,
Сөнгенше соңғы жарығым!..
***
Қазақстан тәуелсіз ел
«Жауына табынбаған,
От болып жалындаған...»
Азаттық қоныс қылған,
Елінде бақыт тұнған.
Қыраны еркін самғап,
Аспанда қалықтаған.
Желбіреп жалаулары
Иені жоқ даласында
Әнұраны шарықтаған.
Бәріне құшақ ашып,
Ешкімді жатсынбаған.
Көңілі ашық қашанда,
Бар елмен туыс болған.
Дұшпаны тұрса күліп,
Қиып түсер қылыш болған.
Дәстүрін ұмытпаған,
Ұлыларын ұлықтаған.
Зымзия харамдарды,
Жанына жуытпаған.
Қадалған жерден қан алып,
Өліспей беріспеген.
«Көздерінде от ойнар»
Ұлдары батыр кілең.
Қисынынан сөз табар
Өр халақы ақын кілең.
Осындай бар ма ел десе,
Ойланбастан айтар ем
Қазақстаным бұл менің!
Қазақстан тәуелсіз ел, қанатын жайған әлемге,
Ақ бозаты оза шауып, жаңғырған аты әлемде.
Өткен күндер келмеске кетті, тарихта қана айтылып
Жанарларын мұң шалмай, ұлың мен қызың күлуде.
Нәсібін Алла қазағыма аямастан беруде,
Көктен де жерден байлығындағы төгуде.
Қарыштап, дамып бар елге болдық төреде,
Азаттықтың ақ сұңқарлары қазағымның көгінде,
20 жылдан аса уақыт қалықтап ұшты бұл күнде!
Тәуелсіздік тойларыңыз құтты болсын ендеше!
Қаниев Марат