25 Маусым 2015, 09:37
Ерлер «бес табан» ойнаса, қыздар «бес асық» (бес тас) ойыны бойынша сынға түсті. Бұл журналистердің төл мерекесінде өткен ең қызықты шаралардың бірі еді. Қаламы қарымды журналистер ақпараттық әбжілдігінен бөлек асық атудан мергендігімен де танылды.
Жарысқа қатысушылар: «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ, «Қазақстан» арнасы, «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» республикалық газеттері, Бас редакторлар клубы, «Қазинформ» халықаралық ақпараттық агенттігі», «Астана» арнасы және «Қазконтент» АҚ.
«Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы, «Асық ату» республикалық федерацияның Президенті Қыдырма Айдос Арғынбайұлы:
«Шараны өткізудегі басты мақсат – жас буын арасында «Асық ату» ұлттық ойынын насихаттау, ұлттық спортты дамыту және халықты салауатты өмір салтына шақыру», – деп жарысты ресми түрде ашып берді.
«Асық ату» турниріне «Ерке-Нұр» тобы биден шашу шашып, жиналған жұртшылыққа керемет көңіл-күй сыйлады.
Турнир барысында Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Айдархан Қалиевтің «ASPARA» сауда белгісі үшін «Ұлы Даланың Қауырсындары» атты жаңа коллекциясының көрсетілімі болды. Коллекцияны жасау идеясы «нео-фольклор» стилі, көшпенділердің киім тігу өнері мен дәстүрі және «Жаз-2015» маусымының сән үлгісі тенденцияларының негізінде жасалды.
Қыздар арасындағы «бес асық» ойыны бойынша жарысқа түскен жұптар арасында «Қазақстан» ұлттық арнасының қызметкері Айнұр Шәмшейітова 3-орынды иеленді.
«Бес асық» бойынша «Қазинформ» агенттігінің журналисі Сая Жарылқасын жүлделі 1-орынға ие болды.
«Асық ату» турнирінің жеңімпаздары да анықталды. «Астана» телеарнасы командасының жігіттері бұл турнирдің үздігі атанды.
Күміс жүлде «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ командасына бұйырды. Барлық қарсыластарын оңай айналып өткен командаға финалда сәттілік жетіспеді.
Үшінші орынға иелік еткен «Егемен Қазақстан» командасы. Олар үшінші орын үшін таласта «Қазақстан» арнасы жігіттерімен кездесіп, басым түсті. Бұл жарыс журналистер арасында дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп тұратыны анық.
Әзірлеген: Жандос Смайлов.