Асуан Сиябеков: АЭС – тұрақты әрі үздіксіз энергия көзі

17 Қыркүйек, 11:05 1381

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қзаақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында АЭС салудың ел үшін қажеттілігіне тоқталып өтті. Себебі бүгінде әлем бойынша энергия тапшылығы күшейіп барады. Сондықтан елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері қажет. Ал мұндай қажеттілікті атам энергетикасы қамтамасыз ете алады. Осыған орай Президент Жарлығымен 6 қазанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтеді. Десе де ел арасында АЭС-ке қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Қоғам болған соң екіұшты көзқарастың пайда болуы заңды құбылыс та шығар. Дегенмен мамандар не дейді? Осы ретте El.kz тілшісі «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябековпен сұхбаттасып, қоғамның қызу талқысына түсіп жатқан АЭС салу мәселесіне қатысты егжей-тегжейлі сұрап білді.

El.kz: Атом электр станциясын салуға қатысты қоғам пікірі екіге бөлініп отыр. Халыққа қарапайым тілмен түсіндіріп беріңізші. АЭС елге несімен пайдалы?

Асуан Сиябеков: Ең алдымен, экономика мен энергетика екеуі егіз ұғым екенін түсініп алған дұрыс. Неге? Себебі бұл салалар бір-біріне тәуелді.  Бірінсіз бірін тіпті елестетуге келмейді. Яғни, бұл дегеніміз - энергетика дамымаса, сәйкесінше, экономикада да ілгерілеу болмайды. Қарапайым ғана мысал келтірейін, бір күн емес, бір сағатқа қуат көзі өшсе, жағдайдың қалай болатынын білесіз. Демек, адамға да, өндіріске де қажетті басты ресурс ол – энергия. Қысқасы, ел экономикасында тоқырау емес, өсім болсын десек, бірінші кезекте энергетика саласын дамыту қажетпіз. Сонымен қатар әлемдік ғалымдардың «алда энергия жетіспеушілі болады» деп дабыл қағып келе жатқанына бірнеше жылдар болды. Бұл өзекті мәселе күн тәртібінен түспей келеді. Сондықтан жаңа атом электр станциясы сұранып тұрған мәселе. Бір сөзбен айтқанда, АЭС ол - ғылымның жетістігі.

Энергетикалық қауіпсіздік - кез келген мемлекеттің негізі. Өйткені ол жоғарыда да айтып өткенімдей, мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына, ұлттық қауіпсіздігіне және сол елде өмір сүріп жатқан барша халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Қауіпсіз әрі таза энергия көзі болып табылатын атом электр станциялары әлем елдері арасында танымал. Айталық, дүние жүзіндегі 31 елде 415 реактор жұмыс істейді екен.  Бүгінгі таңда атом энергиясы әлемдегі электр энергиясының шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. Атом энергетикасының қуаты едәуір елдер: АҚШ (94 реактор), Франция (56 реактор), Қытай (56 реактор), Ресей (36 реактор), Үндістан (20 реактор), Оңтүстік Корея (26 реактор), Жапония (12 реактор). Бір мемлекет үшін бұл энергетикалық қауіпсіздік, енді бір ел үшін экологияны жақсарту жолы, тағы бір мемлекет оны экономикалық мақсатта қолданады. Ал сайып келгенде барлығының ең басты мақсаты  – энергетикалық тәуелділікті жою, қауіпсіз қуат көзін өндіру.

Атом электр станциясы бірнеше мыңдаған жылдар  бойы энергия тапшылығынан құтқаратыны сөзсіз. 2050 жылға қарай барлық әлем елдерінің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт дейін, яғни, 2 есеге өседі деген болжам бар. Бұл менің немесе Қазақстан ғалымдарының емес, халықаралық агенттіктің ұсынған мәліметі. 

El.kz: Атом энергетикасының артықшылықтары неде?

Асуан Сиябеков: Біріншіден:  Бұл - энергияның ең таза түрі. Уранның ыдырауынан туындаған ядролық ыдырау реакциясы зиянды парниктік газдарды – көмірқышқыл газын және метанды шығармайды. Жыл сайын Еуропадағы атом электр станциялары 700 миллион тонна СО2 (көміртегі окcиді) шығарындыларын болдырмайды. Атом электр станцияларына жақын орналасқан қалалар жасыл және экологиялық таза. Егер олар ластанса, бұл атом энергиясынан емес, басқа факторлар кесірінен. Демек, атом энергетикасының қарқынды дамуын жанама түрде жаһандық жылынумен күресу әдістерінің бірі ретінде де қарастыруға болады.

Екіншіден: Отын қорына ең аз тәуелділік, яғни, отынға деген үнемділік.

Үшіншіден: Экономикалық даму. АЭС құрылысы экономиканың өсуін және жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етеді. АЭС құрылысы кезінде 1 жұмыс орны сабақтас салаларда 10-нан астам жұмыс орнын ашады. Атом энергетикасының дамуы ғылыми зерттеулер мен жоғары технологиялық өнімдер экспортының көлемінің өсуіне де ықпал етеді.

Төртіншіден: Уранның үлкен қоры. Жер қыртысындағы уран қоры бізге 500 жылға жетеді.

El.kz: Шыны керек, елімізде АЭС құрылысын салу мәселесі туралы айтылып келе жатқанына аз уақыт болған жоқ. Ал АЭС-ке қатысты референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында атап өтті. Десе де кейбір белсенділер атом электр станцияларының қоршаған ортаға зияндығын айтып, жұртшылық арасына екіұшты пікірлер туындатып жүр. АЭС-тің экологияға ешбір әсері жоқтығы бойынша ғылыми тұрғыда мысалдар келтіріп беріңізші...

Асуан Сиябеков: Иә, өкінішке қарай ондай пікірлерді естіп жүрміз. Бірақ бұл тұрғыда мына нәрсені кесіп айтқым келеді. Атом электр станциясы - базалық генерацияның ең экологиялық таза түрі. Сондықтан АЭС-тен экология еш зардап шекпейді.  Атом электр станциялары көміртексіз энергияның негізгі құрамдас бөлігі саналады. Сондықтан оның экологияға мүлдем кері әсері болмады. Қайта керісінше, бұл электр орталығы парниктік газдың әсерін азайтуға көмектеседі. Айталық, 1000 МВт болатын атом электр станциясын жыл сайын пайдаланса да, парниктік газдар шығыны 8 миллион тоннаға азайып отырады. Атом электр станциялары көмір немесе табиғи газ қондырғыларына қарағанда отынды әлдеқайда аз тұтынады. Бұл көміртегі бейтараптығы мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Оның үстіне ол сарқылмас қуат көзі екенін де ұмытпаған жөн.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық Экономикалық Комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) ұйғарымымен тек осы атом энергетикасы ғана парниктік газды ең аз бөлетін энергия түрі деп бекітілген.  Ал одан өзге энергия түрлері, мәселен: көмір – 820 грамм/кВт/сағ (СО2 баламасы), табиғи газ – 490 грамм, су электр станциялары – 24 грамм, СЭС (күн концентраторы) – 48 грамм, атом – 12 грамм бөледі.

Атом энергиясы қазіргі жаһандық жылынумен күресу құралдарының негізі болып табылады.

(Фото: ©El.kz)

El.kz: Дегенмен кейбір қазақстандықтар арасында радиофобия қалыптасып отыр. Бұл ақпараттың жеткіліксіздігі ме? Не себеп деп ойлайсыз?

Асуан Сиябеков: Бәлкім солай шығар. Бірақ нақты себебі мынада деп айту қиын. Белгілісі,

АЭС-тің  қоршаған орта мен адам денсаулығына кесірін тигізетіндей әсері жоқ. Атом электр станциясын салудағы басты негізгі басымдық пен принциптің бірі – оның қоршаған ортаға зиянды әсерінің болмауы екені белгілі. Алдын ала бағалаулар жүргізілген болатын. Оның нәтижесінде атом электр станциясын салу және оны пайдалану кезінде Балқаш көлі немесе Ертіс өзенінің экожүйесіне келетін ешқандай қауіптер анықталған жоқ. Мұнымен жұмыс тоқтамайды. Әрі қарай жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу кезеңінде ғылыми және инженерлік мамандар жан-жақты зерделеу және жан-жақты зерттеулер жүргізетін болады. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2021 жылғы қыркүйектегі жағдайға сәйкес, Ертіс өзені бассейнінің су ресурстары 30,4 млрд текше метрді құрайды. Атом электр станциясының технологиялық циклі кезінде судың булануынан болатын шығын жылына шамамен қуаты 2400 МВт атом электр станциясы үшін 63 млн текше метр деп бағаланды. Бұл жалпы су ресурстарымен салыстырғанда пропорционалды түрде әлдеқайда аз. Осыған байланысты атом электр станцияларының су тұтынуы Ертіс өзені бассейнінің жағдайына айтарлықтай әсер етпеуі керек деген болжам жасалды.

Балқаш-Алакөл бассейні су ресурстарының көлемі 108 млрд текше метр деп бағаланады. Бұл да атом электр станциясын салқындату үшін қажетті көлемнен айтарлықтай көп. Сондықтан да станция бұл бассейннің су құрамына кері әсер етпейді. Жалпы әлемде табиғи су қоймаларының жағасында атом электр станцияларын салу тәжірибесі кең тараған және атом электр станцияларын пайдаланатын дүниежүзінде станциялардың су қоймасына теріс әсер ету факторлары әлі бірде-бір рет кездескен жоқ. Керісінше, тәжірибе көрсеткендей, атом электр станцияларын қоршап тұрған экожүйе белгілі бір даму үстінде. Мысалы, әлем елдеріндегі атом электр станцияларының салқындатқыш тоғандарында балықтардың алуан түрі жиі өсіріледі. Тіпті кейбір жағдайларда балық аулау бойынша халықаралық чемпионаттар өткізіліп келеді. Сондықтан көптеген сарапшы атом электр станциясы – базалық қуаттың тұрақты әрі сенімді көзі дегенді зор сеніммен айтып отыр.

Ақпарат үшін мына жайтты айтып өтейін, Қазақстанда құрылыс үшін қарастырылатын барлық реакторлар екі тізбекті болып табылады. Онда бірінші тізбекте су айналып, белсенді аймаққа тікелей тиіп тұрады. Бірінші контурдағы судың жылуы екінші контурдағы суға жанаспай беріледі. Бұл жағдайда турбина реактордың екінші тізбегінде өндірілген буларды басқарады.

Жалпы АЭС-те су жабық жүйеде айналады, онда пайдаланылған бу конденсацияланып, қайтадан пайдаланылады.

El.kz: АЭС салудың елге пайдасы мен мүмкіндіктері туралы мамандар айтуындай-ақ айтып келеді. Тіпті қоғам арасында қалыптасқан мифтерге нақты дәлелдермен жауап та беріп жүр. Алып-қосарыңыз бар ма?

Асуан Сиябеков: АЭС – тұрақты әрі үздіксіз энергия көзі екені ғылыми тұрғыда дәлелденген болса да халық арасында небір қауесет, шындыққа жанаспайтын пікірлер көп. Ендеше, оларға жеке тоқталып, талдап беруге тырысайын:

Миф №1: Ядролық реактор атом бомбасы сияқты жарылуы мүмкін;

Шындық: Ядролық реакторда «Уран-235» 5 пайыздан аз, ал атом бомбасында 90 пайыздан жоғары. Енді айырмашылығын пайымдай беріңіз. Демек, бұл пікір шындыққа мүлдем жанаспайды. Себебі ядролық реактор – бұл қуат көзін өндіру үшін атом ядросы бөлінуін қадағалайтын электростанция. Атом бомбасы ол да дәл солай. Алайда, реактор мен бомбаның айырмашылығы - ядролық отынның байыту дәрежесінде. Оның үстіне реакторда уранның бөліну процесін қадағалап және басқару таяқшалары сияқты сенімді қауіпсіздік жүйелерін орнатуға мүмкіндік бар. Ал атом бомбасы ол - басқарылмайтын реакция.

Миф №2: Атом электр станцияларында ірі апаттар жиі орын алады. Соның салдарынан адамдар қаза табады;

Шындық: Атом электр станциялары – ең қауіпсіз салалардың бірі. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, АЭС жұмысының 66 жылдық тарихында дүние жүзінде небәрі 3 ауыр апат болды. Айталық, абайсызда, тосыннан, табиғаттан болатын апаттарды алатын болсақ, ол  өндірілген 1 млрд кВт/сағ электр энергиясына шаққанда: көмір (ыстан улану) үшін – 161 қаза /ТВт/сағ, мұнайдан – 36 қаза/ТВтсағ, табиғи газдан улану – 4 қаза/ТВтсағ, суға кетіп, тұншығу– 1,4 қаза/ТВтсағ, күннен – 0,44 қаза/ТВт/сағ, қатты желден – 0,15 қаза /ТВтсағ, ал ядролық энергия үшін небәрі 0,09 қаза/ТВт. Енді өзіңіз осыдан қорытынды шығарып көріңіз. Бұл деректер біздің қолымызға кездейсоқ келіп түсіп отырған жоқ, бұл мәліметтер Unbiased America ұсынған.

Миф №3 : Атом электр станциялары - қауіпті, өйткені олар радиоактивті;

Шындық: Бұл пікірдің жаңсақ екеніне дәлелдер келтірілген. Себебі  атом электр станцияларындағы радиоактивті фон қалыпты жұмыс кезінде орта есеппен 0,12 мкЗв/сағ немесе 1 мЗв/жылды құрайды. Қазақстан Республикасында орташа фон 1,3 мЗв/жыл, әлемде 1,0 мЗв/жыл, пилоттық 3,5 мЗв/жыл деп саналады. Бразилиядағы Гуарапари алтын жағажайларында құмдағы торийдің жоғары болуына байланысты радиация деңгейі жылына 100 мЗв жетуі мүмкін. Ал бір компьютерлік томография процедурасы бізге 6,9 мЗв әкеледі. Енді өзіңіз-ақ салыстырып көріңіз...

Реакторлық қондырғылардың заманауи жобаларында радиоактивті материалдардың қоршаған ортаға шығуын болдырмау үшін терең эшелондалған қорғау пайдаланылады. Терең эшелондалған қорғауға радиация халыққа немесе қоршаған ортаға зиян келтіргенге дейін істен шығуы керек бірнеше ретті және тәуелсіз қорғау деңгейлерін біріктіру арқылы қол жеткізіледі. Мұндай ядролық реактор жүйелерін жобалау кезінде ядролық материалдардың таралу жолындағы физикалық кедергілер тиімді болуы үшін физикалық кедергілер сериясының, сондай-ақ белсенді, пассивті және ішкі қауіпсіздік сипаттамаларының үйлесімі көзделеді.

Миф №4: Атом электр станциялары радиоактивті қалдықтарды көп шығарады;

Бұл пікірмен расымен де келісемін. Атом электр станцияларын пайдалану кезінде радиоактивті қалдықтардың негізгі үш түрі түзіледі: газ-аэрозоль, сұйық және қатты. Ал негізгі қауіпсіздік шарты оларды залалсыздандыру қажет.

Қауіпсіздіктің соңғы талаптарына сәйкес қатты радиоактивті қалдықтардың жалпы түпкілікті көлемі (сұйық күйдегі, құрғақ нығыздалған немесе нығыздалмаған) қалыпты жұмыс жылына 1000 МВт(е) үшін 50 текше метрден аспауы керек. Қуаты 1200 МВт болатын атом электр станциясы үшін оның бүкіл пайдалану мерзімінде әрбір қазақстандыққа 3600 текше метр немесе 200 мл радиоактивті қалдық жиналатын болады. Ал залалсыздандырып отырған қалдықтардан экология да, адам да еш зардап шекпейді. Сондықтан радиоактивті қалдықтар дегеніміз - ол шешілетін мәселе. Нақтырақ айтқанда, топырақ пен судың атом электр станциясының қалдықтарымен ластануының алдын алуға болады. Ол үшін қалдықтар дұрыс технология мен тұрақты гранит қабаттарында көмілу керек немесе құрғақ бөшкелерде сақталуы қажет. Кем дегенде бір ғасыр бойы сақталады, сонда ол толығымен қауіпсіз саналады.

Миф №5: Қазақстан атом электр станциясын салса, оны қауіпсіз пайдалана алмайды;

Шындық: Қазақстанда атом электр станцияларын сәтті салу және пайдалану үшін барлық алғышарттар бар.

БН-350-ді (быстрый нейтрон) 1973-1990 жылдар аралығында пайдаланудың табысты тәжірибесі болған. Қазақстанда қауіпсіз жұмыс істейтін үш зерттеу ядролық реакторы бар. Оның екеуі Ұлттық ядролық орталықта (Курчатов қаласында) және біреуі Ядролық физика институтында (Алматы қаласында).

Елімізде АЭС салуға үмітті мемлекеттердің құрылыс-монтаж жұмыстары толық бақылауда болады. Әдетте, атом электр станциясында алғашқы бірнеше жыл бойы реактор технологиясын салған мамандар жұмыс істейді.

Атом энергетикасын дамытудың барлық кезеңдерінде Қазақстан МАГАТЭ (Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік) ұсынымдарын ұстанатын болады.  

МАГАТЭ-нің басты екі ұстанымы бар. Біріншісі – ядролық қаруды таратпау, екіншісі – атом энергетикасын дамыту, оның ішінде АЭС салу. Осы атом электр станциясын салу бойынша МАГАТЭ дамушы елдерге, яғни АЭС енді салып жатқан елдерге жұмыс өтілі бар реакторлық технологияны қарастыруға ұсыныс береді. Егер де ондай жоқ болатын болса, ол зертханалық мақсаттағы ел болып қалады. Сондықтан тәжірибеден өткен, жұмыс өтілі бар үлкен реакторлы технология­ны қолданған дұрыс.

Миф №6: Барлық дамыған елдер атом электр станцияларынан бас тартуда;

Шындық: Бұл пікірмен келіспеймін. Қайта керісінше, дамыған елдердің көпшілігі атом электр станцияларын пайдалануды жалғастыруда.

Қазіргі уақытта дүние жүзінде жалпы қуаты 379,2 ГВт болатын 423 ядролық реактор жұмыс істейді. Тағы 57-сі салынып жатыр.

2018 жылы Еуропалық Одақтың «2050 жылға қарай климаттық бейтараптылық» стратегиясы қабылданды. Соған сәйкес, 2050 жылға қарай Еуроодақ генерация құрылымындағы атом электр станцияларының үлесі 15% құрайды. Осы ретте атап өткім келіп отырғаны, Дүниежүзілік ядролық қауымдастық (WNA) «Үйлесім» бағдарламасын әзірледі. Оған сәйкес тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін әлемдік энергетикалық баланстағы атом электр станцияларының үлесін 25%-ға дейін арттыру қажет.

(Фото: ©Freepik.com)

El.kz: Атом электр станциялары радиоактивті қалдықтарды көп шығаратынын растап отырсыз. Бірақ қалдықтардың жиналу қаупі болмай ма?

Асуан Сиябеков: Атом электр станцияларын пайдалану нәтижесінде пайда болатын қалдықтардың жиналуы - атом энергетикасындағы негізгі мәселелердің бірі екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ бұл проблеманы болдырмаудың технологиялық шешімі бар. Атом электр станцияларының қалдықтары әртүрлі критерийлер бойынша жіктеледі және олардың ең маңыздысы - оның адамдарға және қоршаған ортаға қауіптілігіне тікелей байланысты радиоактивтілік деңгейі. Осы негізде қалдықтар пайдаланылған ядролық отын мен оны қайта өңдеу өнімдері, сондай-ақ орташа және төмен радиоактивті материалдар кіретін жоғары деңгейдегі қалдықтарға бөлінеді. Ал қолданылған ядролық отынды қазіргі уақытта атом энергетикасы дамыған көптеген елдер қалдық ретінде емес, әлеуетті ресурс ретінде қарастырып отыр. Пайдаланылған отынды қайта өңдеу мен қайта пайдалануды көздейтін жабық ядролық отын циклінің технологиялары енгізілуде. Бұл технологиялар «Уран-238»-ді жылдам нейтронды реакторлар процесіне қосуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні бұл технологиялар айтарлықтай дамыған. Қайта өңделген материалдан жасалған жаңа отын түрлері атом электр станцияларында белсенді түрде қолданылуда. Бұл бір жағынан экологиялық жүктемені азайтып, түзілетін қалдықтардың көлемін азайтса, екінші жағынан уранды пайдалану тиімділігін арттырып, сол арқылы атом энергетикасының шикізаттық базасын кеңейтеді. Осылайша, жоғары деңгейлі қалдықтардың мөлшері айтарлықтай төмендейді. Ал қалдықтардың көлемі тіпті өңдеусіз болса да, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының күл үйінділерінің көлемдерімен салыстырғанда айтарлықтай аз. Сондықтан қалдықтардың жиналуы – шешілетін мәселе.

El.kz: Жалпы атом энергетикасының өзге энергия көздерінен тиімділігі неде? Мәселен, жел, су...

Асуан Сиябеков: Бұл сұраққа былай жауап берейін. Желдің де, күннің де, судың да, АЭС-тің де өзіндік орны бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Баламалы энергия көздерін мүлдем алып тастауға да болмайды. Бірақ баламалы энергия көздерін, мәселен жел мен күнді базалық генерация көзі деп айтуға келмейді. Өйткені бізде электр энергиясын қолданудың әртүрлі санаттары бар. Мысалы, пиктік кезеңдер болады. Таңертең және кешкі уақытта, сонымен қатар қыстың күндері электр энергиясын қолдану жиілеген кезде баламалы энергия жүйелері ондай қуаттылықты бере алмайды. Сондықтан да базалық энергия көзі деп біз атом электр станциясын қарастырамыз. Ал баламалы энергия көзінен базалық энергияны ала алмаймыз. Өйткені ол ауа райына, күннің шығуына, батуына байланысты.

АЭС – үздіксіз 60 жыл бойы бір қуаттылықта жұмыс істеп тұра алады. Ал біздің көмірмен алатын генерация көздерінің 40 жылға дейін шамасы жетеді.  Сондықтан бізге тұрақты әрі сенімді энергия көзі ретінде атом электр станциясы өте қолайлы.

El.kz: Жоғарыда өз сөзіңізде атом электр станциясында алғашқы бірнеше жыл бойы реактор технологиясын салған мамандар жұмыс істейтінін айтып қалдыңыз. Ал кейін ше? Бізде бұл саланың қыр-сырын меңгерген кадрлар қаншалықты жеткілікті?

Асуан Сиябеков: Бұл сауал да халықты мазалап отырған сұрақтардың бірі болуы мүмкін. Әрине, қазақстандықтардың кадр қалай болады деп алаңдауы заңдылық. Бірақ оған алаңдауға негіз жоқ. АЭС бұл басқа емес – Қазақстанға керек. Оны салатын қандай компания келсе де тек алғашқы жылдарда солардың мамандары жұмыс істейді. Ал пайдалануды өзіміз жүргіземіз.

Біздің елімізде кәсіби ортада көпшілікке жақсы танымал Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты табысты жұмыс істеуде. Шетелдік атом электр станциялары үшін отын таблеткалары мен отын жинақтарын шығаратын зауыт салынды. Оған қоса Қазақстанның 4 жоғары оқу орны атом саласы үшін мамандарды дайындайды.

«Болашақ» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап «Атом өнеркәсібі», «Атом ядросы мен бөлшектері физикасы», «Техникалық физика (Атом электр станциялары мен қондырғылары), «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша 21 бакалавр, 12 магистр және 1 маман білім алды.

Дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес, атом электр станциясының жұмыс істеу кезеңінде орта есеппен 2000-ға жуық жоғары және орта арнаулы білімі бар персонал қажет. Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Кадрларды даярлау» жоспары жеке әзірленіп қабылданады. Оның негізінде қажетті мамандар санын дайындау ұйымдастырылатын болады. Бұл ретте атом электр станцияларының өнеркәсіптік-өндірістік персоналының шамамен 20%-ын ядролық білімі бар зауыт қызметкерлері құрайды.

El.kz: Кейбір БАҚ беттерінен Қазақстанның Маңғыстау өңірінде бұрын АЭС болған деген ақпаратты көзім шалып қалғаны бар. Аталған станцияға тоқталып өтіңізші...

Асуан Сиябеков:  Иә, 1973 жылы Ақтау қаласында БН-350 реакторы жұмыс істеген болатын. БН (быстрый нейтрон) яғни, жылдам нейтронды өнеркәсіптік реактор болып табылады. Бұл жердегі жылу жібергіш зат натрийлі жылу тасығыш деп аталады. Аты айтып тұрғандай, 350 қуатты энергия көзін беретін реактор болатын. Оның ішінде 150 мВт электр энергиясы 100 Мвты жылу энергиясын беретін. Бұл реактор бізде 1998-1999 жылдарға дейін жұмыс істеп келді. Артынша реактордың жұмысы біткендіктен жабылып қалды. Ары қарай оны газбен жұмыс істейтін қондырғыларға ауыстырып тастады. Қазір ол Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының құрамындағы реакторлардың бірі болып саналады.

El.kz: АЭС салу үшін Қазақстанның екі аумағы, біріншісі – Алматы облысындағы Үлкен ауылы, екіншісі – Абай облысы Курчатов қаласының маңы қарастырылып отырғаны белгілі. Нақты шешім қашан белгілі болады және бұл орындар нендей критерийлермен қарастырылып отыр? Сондай-ақ АЭС құрылысына қанша жыл уақыт кетеді деп жоспарлануда?

Асуан Сиябеков: Біз  тұтынушыларға тиімді болу үшін жан-жақты зерттеп, өз ұсынысымызды беріп отырмыз. Сондықтан әзірге нақты осы жерде салынады деген шешім жоқ және ол жалпыұлттық референдумнан соң белгілі болады. Әрине, әлі де инженерлік ізденістер жүргізілуі қажет. Негізі жерді таңдайтын кезде оның метеорологиялық, гидрологиялық, сейсмикалық жағдайы қарастырылады. Ең бірініші сейсмикалық жағдайына қатты мән беріледі. Қазіргі реакторлардың қауіптілігінің жылдамдық бойынша үдеуі шкала бойынша 8-9 баллдық жер сілікінісіне шыдайтын реакторлар.

Құрылыс жұмыстарына кететін уақытқа тоқталсам, әлемдік тәжірибеде атом электр станциясы 10-12 жылда салынады. Тіпті кей елдер 15-20 жылды жұмсайды. Әрине, мұнша уақытты жұмсамас үшін технологияны дұрыс таңдау керек. Бізде бірінші кезекте қай елдің технологиясы таңдалады, сол жағы анықтап алынады. Ал оған техника-экономикалық негіздеме мен инженерлік ізденістер жасалады. Одан кейін барып оның барлығы экспертизадан өтеді. Содан соң жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Жобамен айтатын болсам, егер жалпыұлттық референдумда халық келісімін берсе, АЭС-ті қай елге салдыратынымызды биыл таңдасақ, 2025 жылдардан бастап 2029 жылға дейін тек құжаттама жұмыстары жүргізіледі. Бірінші бетон 2029 жылы құйыла бастаса, 2034-2035 жылдары алғашқы блокты көруге болады деп күтілуде.

(Фото: ©Freepik.com)

El.kz: Жалпыұлттық референдум өтті делік. Қазақстан халқы өз таңдауын жасап, АЭС салуға келісімін берді. Атом электр станциясы салынған жағдайда, ол қай салаларға нақты қалай ықпал етеді?

Асуан Сиябеков: Атом электр станциясы салынса, жоғарыда айтып өткенімдей, парникті әсерді азайтады. Мысалы, жыл сайын 1000 МВт атом электр станциясын пайдалану парниктік газдар шығарындыларын 8 миллион тоннаға азайтады. Сонымен қатар елдің ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетін өсіреді. Генерацияның жаңа технологияларын енгізу атом энергетикасы саласына ғылыми кадрлардың жаңа буынын қалыптастыруды және жоғары білікті мамандарды даярлауды талап етеді. Бұдан өзге өнеркәсіпті дамытып және Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын арттырады. Ең бастысы, экономикалық даму. АЭС құрылысы экономикалық өсуді және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді.

АЭС салынса, білім беруді, жобалауды, жоғары технологиялық және білімді қажет ететін технологияларды, машина жасау,  металлургия, аспап жасау және тағы да сол сияқты сабақтас салаларды дамытады. Сондай-ақ жоғарыда атап өткенімдей, жарақат алу деңгейін төмендетеді. Дүние жүзіндегі жинақталған деректерге сәйкес, атом энергетикасы өнеркәсібінде апат болу ықтималдылығы ең төмен пайызға ие.

Жалпы АЭС-тің генерацияның тиімділігін арттыруға ықпалы зор. 4%-ға дейін байытылған, генерациялау кезінде пайдаланылатын 1 килограмм уранның энергетикалық құрамы толығымен жанған кезде шамамен 100 тонна жоғары сапалы көмірді немесе 60 тонна мұнайды жағумен тең энергия бөледі.

Тағы бір атап өтерлігі, АЭС ел тұтынушыларын 60 жылдан аса сенімді энергиямен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар атом электр станциясының орналасқан ауданның инфрақұрылымын дамытуға әсері зор. Негізгі нысан жолдар, темір жолдар, мектеп, ауруханалар, тұрғын үйлер және т.б. салуға ықпал етеді.

Және ең соңғысы: уран өнімдерін өндіру үшін өзіміздің уран кен орындарының ресурстық және өндірістік базасының әлеуетін ұтымды және кешенді пайдалануға, бұдан өзге жер ресурстарын ұтымды пайдалануға септігін тигізеді. Себебі АЭС көп көлемде жер талап етпейді. Салыстырмалы түрде қарасақ: түрлі энергия көздері 1000МВт электр энергиясын өндіру үшін әртүрлі алаңдарды қажет етеді.  Мәселен, жел электр станциясы – 60 000 га, күн электр станциясы – 15 000 га, су электр станциясы – 400 000 га, ал АЭС-ке осынша мөлшерде қуат көзін өндіру үшін бар болғаны 400 га жер қажет.

El.kz: АЭС электр энергиясының тарифіне әсерін тигізеді ме?

Асуан Сиябеков:  Егер электр энергиясы өзімізде өндірілсе, біз тәуелділіктен арыламыз. Себебі АЭС тоқтаусыз энергия өндіретін орындардың бірі болмақ. Ол кезде жарыққа төлейтін тариф қымбаттамайды. 

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Жансая Ақбала
Бөлісу: