Асу алар асу көп

21 Қазан 2019, 16:26 6149

Елордада өткен аралас жекпе-жек турнирінде жерлестеріміз жеңіске жетті

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жекпе-жек» сарайында M1-Challenge105 #СЕНІҢЖАҢАҚЫРЫҢ KAZMMA-да атты аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтіп, үкілеген үмітіміз Сергей Морозов пен Асу Алмабаев қарсыластарынан басым түсіп, жеңіске жеткен еді.

Отандастарымыздың айқын басымдығы

M-1 Challenge-дің қазіргі чемпионы Сергейдің (15-1) қарсыласы рейджде бұған дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған американдық Джоша Реттингхаус болды. Бұл қос спортшы 2016 жылдың желтоқсан айында кездесіп, соңғысының жолы болған еді. Жекпе-жек бар болғаны бірінші раундтың бесінші минутында өз мәресіне жеткен. Сергей кеткен есені елордамызда қайтара білді. Осы кештің екінші жұбы қазақстандық Арман Әшімов (10-3-1) пен канадалық Крис Келадес (13-4) болуы керек еді. Турнирге бірнеше апта қалғанда Арман бір жарыста қолынан ауыр жарақат алып, оның орнына Асу Алмабаев шықты. Жамбылдық спортшы ұйымның жеңіл салмақтағы уақытша чемпиондық белбеуін иеленді.

Асу Алмабаев & Крис Келадес

Бұған дейін 18 кездесудің 14-ін жеңіспен аяқтаған канадалық Крис Келадеске қарсы бұрын-соңды бес раундтық кездесуге шығып көрмеген Асу Алмабаев қарсы тұрып, жергілік жанкүйерлерді жерге қаратпады.

25-минутқа созылған жекпе-жекте екі спортшы да барын сала тер төкті. «Зульфикар» алғашқы бес минуттықта қысқа серияларға иек артып, қарсыласына бірнеше соққылар жұмсап үлгерді. Бұл раундта Алмабаев канадалықты барынша қысымға алып, тор ішінде толықтай үстемдік орнатты. Өзінің бұлай жүре берсе жеңілетініне көзі жеткен Крис бапкерімен ақылдаса отырып, екінші кезеңге Асуға қарсы тұратын жақсы айла ойлап тапқандай. Раунд соңына қарай жерлесіміз қылқындыру әдісі арқылы жекпе-жекті аяқтауға тырысқанымен, қарсыласы құтылып кетіп жатты.

Келесі раундта да алдыңғы сцераний қайталанып, рейджде үстемдік құру үшін екі спортшы да жанын салды. Тағы бір айта кетерлігі, Асу бұған дейін бес  раундтық кездесулерге шықпаса да, соңғы кезеңдерде тамаша өнер көрсетті. Осындай тартысты жекпе-жекте нақты кімнің жеңіске жеткендігін анықтау төрешілерге қалдырылды. Ал олар өз кезегінде жеңісті бір ауыздан қазақстандықтың еншісіне жазды. Ендігі, отандасымыздың жекпе-жегі қазіргі чемпион Александр Доскальчукқа қарсы өтуі керек.  

Асумен сұрағы жоқ сұхбат

Жамбыл облысы Сaрысу ауданы Жаңатас қаласында дүниеге келдім. Спортпен бала кезімнен бастап шұғылдана бастадым. Ең алғаш қазақша күрестің үйірмесіне барғаным есімде. Ол кезде жасым бар болғаны 5-те еді. Туған ауылымда бұл спорттан басқа секция жоқ-тын. 5-сыныпта оқып жүргенімде қалаға көшіп келіп, каратэ, бокс, қоян-қолтық ұрыс, әскери джи-джитсу секілді бірнеше спортқа бара бастадым. Барлық жақта өзімді сынай келе, мен айналысатын спорт түрі – аралас жекпе-жек екенін түсіндім.   

«Alash Pride» құрамына кіргеніме бірнеше жыл. Бұл ТМД арасында ең танымал клубтардың бірі. Біздің спортшылар түрлі турнирлерде жеңіске жетіп, қазақтың көк байрағын биікте желбіретіп, елімізде ММА да жақсы деңгейде дамығанын көрсетіп келеді.

Жекпе-жекте күрес не бокс стиліне салам деп айта алмаймын. Әр қарсыласқа қарай дайындық жүргіземіз. Өзім джиу-джитсуден Қазақстанның ғана емес әлем чемпионы да атанғанмын.  

Спорттан бос өтетін уақытым жоқ. Күндерім тек еңбектенумен, шынығумен өтеді. «Бейнетіне қарай, зейнеті» деген сөзге келісемін. Ал әзірге бүкіл ісім, ойым тек спортпен байланысты.

Отбасылымын, бала тәрбиелеп отырған әкемін.

–  Балам қандай жолмен жүретінін нақты білмеймін. Ол әзірге кішкентай. Өзі өсе келе жанына жақын спорт түрімен айналысар не білім жолына түсе жатар. Бірақ, оның ережесіз жекпе-жектен гөрі, олимпиадалық спорт түрімен шұғылданғанын қалар едім. Яғни, Олимпиада чемпионы шықса деп армандаймын.

Спорттағы мақсатым – әлемге қазақтың мықты ұлт екенін таныту.

Арман Әшімов екеуміз бір салмақта өнер көрсететіндіктен, көпшілік «чемпиондыққа талас жүргізбейсіңдер ме?» деп сұрап жатады. Біз бір темір үшін төбелесетіндердің қатарынан емеспіз. Қазір, әр мемлекеттен шығап жатқан спортшылар көп. Сондықтан, қарсылас та жетіп артылады.  

(Фото: Қазақстанның ММА федерациясының баспасөз қызметінен)

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: