27 Тамыз 2014, 09:56
Астық баулау. Орылған астық құшаққа сиятындай етіп байлап, топтау. Баулауға жоңышқа, тары және тағы басқа өсімдіктердің сабағы қолданылды. А. б.-дың әр түрлі әдістері бар. Егер егіс біркелкі піссе және баулаған астық сүйреткімен қырманға іле тасылатындай мүмкіндік болса, әрбір орақшы А.-ты орғанынша баулап, жадағай етіп қалдыра береді. Бұл үшін ең алғашқы бауды көлденеңінен тастайды, одан кейінгілерінің бәрін дәндерін төмен қарата бір бағытпен қос-қостап сүйей береді. Сөйтіп, әр орақшы егістің екінші шетіне шыққанда А. б.-ынан созылған итарқалар жасап шығады. Ал егіс біркелкі піспесе немесе орылған А.-ты түйеге артып қырман басына жеткізетіндей жағдай туса, астық бауларынан үлкен шөмелелер жасаған (қ. Шөмеле). Бұл шөмелелерге бидайдан 50 бау сиса, тарыдан 40 бау сиятын. Шөмеленің негізін 12-15 баудан дәнін ішіне қаратып дөңгелете қатарлайды және бұл қатарлар бірінің үстіне бірі тартыла қалана береді. Сөйтіп ең үстінде бір бау-төбесі шыққанға дейін жұмыс жалғаса береді. Осылай ортасы қуыс «көрсоғым» деп аталатын үлкен шөмеле лезде жасалады. Мұндай шөмелелердің әрқайсысы әдетте, бір түйеге тұтас артылады. Тарыны орушылар орғанын баулайтындай болғанда бірден тарының сабағымен баулап тастайтын.Әрбір үймеде 5-6 бауланған тарыдан тұратын болған.
Астық бастыру. Дәнді дақылдарды қауызы мен сабағынан ажыратуға байланысты қолданылатын тәсіл. Бастырып ұшырылған астықты қырман ортасына үйіп, М.Қашқаридың сөздігінде оп – астық бастыратын өгіздердің бірі. Яғни егін бастыратын көліктің аты (қ. Оп). Демек мұнда егіншілік тотемі өгіздің егіншіліктің тотемі ретіндегі образы осы малдың алып күшіне, көнбістігіне және төзімділігіне, яғни шаруашылықтағы атқаратын сан алуан маңызды функциясына байланысты қалыптасса керек.
Астық майқандау – астықты таптаған кезде оның дәнегі астына түсіп, бетіне шыққан сабанын сыпырып алу үрдісі. Астықты қол орақпен орып бір жерге жинағаннан кейін, оның сабағынан дәнін бөліп алу үшін, тұлықтаспен және ат тұяғымен арлы-берлі таптайды. Ертеде майқандалған сабақты астықтың бір шетіне жағып, түнде жарық ретінде пайдаланып, жұмысты әрмен қарай жалғастыра берген.
Астық жинау. Н.Г. Хлудов. 1925ж. ҚР МОМ қорынан (КП 2637)
Қырман басындағы шаруашылық харекеттерге бай- ланысты ежелден өзіндік ғұрыптар, ырымдар және жосын-жоралғылар қалыптасты. Бұлар, түптеп келгенде, шаруашылық харекетін үйлесімді және тиімді атқаруды қамтамасыз етуге бағытталды. Қырманға келгендер жұмыс істеп жатқан егіншілерді Қырман тасысын! Диқан дарысын! Обаны ассын! деп құттықтайды. Дән суырушылар құттықтаушылардың алғашқыларына бір кеусен дән (немесе аққұла) берген. Кейде әйелдер қырман басына ыдысқа пісірілген ет салып әкелетін, ал егіншілер ауыз тиіп, ыдыстарын бос қайтармайтын. Барлық өңірінде қуаңшылық пен су тасқындарының болып тұруына байланысты құдайға жалбарыну, тасаттық беру мен дұға оқу ұстанымдары атқарылып отырды.
Ақтөбе облысының егіншілері жер жыртып болған соң сабантой ұйымдастырған. Әйелдер жауын-шашын мол болсын деп, ауылға оралған диқаншылардың үсті су болғанша су шашатын. Бұл үрдіс той-думанмен аяқталатын. Қостанай және Қарағанды облыстарында Диқан бабаның құрметіне көк жағыс деп аталатын мейрам ұйымдастырылып отырды. Ал орақ кезінде күрделі ғұрыптар атқарылмаған, тек алғашқы астықтың түсімінен көже дайындалды. Осындай жосынды Шу өңірінің қазақтары қолданатыны туралы кеңес төңкерісіне дейінгі орыс зерттеушісі Л.Чермак жазды. Айта кетер жайт – Қазақстанның солтүстік өңірлерінде егін оруға әйелдер, ал оңтүстік аймақтарда тек ер адамдар шыққан.
Оңтүстік облыстарда қолданылған тағы бір ғұрып қырман қандау деп аталады. Диқан бабаға арнап, құдай жолы деп қырман басында еркек қой сояды. Мұнысы жерге қан сіңсе, аруақтар риза болады, – дегенді білдіреді. Сондай-ақ, қырман тойы ұйымдастырылып, осының құрметіне әлім ботқа деп аталатын ас әзірлеген.
Астықты бөлу. Бұл үрдісті басқару беделді адамға тапсырылған. Ертеде дәстүрлі ортада қырманға жиналған астықты бөлу сәтті күндердің бірінде тыныш ымыртта жасалған. Бұл – тіл мен көзден сақтауды ырымдағаны. Егіншілер дәрет алып, таза киім киіп келуге тиіс. Намаз білетіндері намазын өтеген соң қырманға келеді. Бір адам тазартылып үйілген қызыл деп аталатын бидай үйіндісінің шетін ала айналдыра бір пұттай А.-ты сеуіп шығады. Ағаш күректі қолға алған диқан бисмилла деп кірісіп, үйіндінің орта тұсынан жүргізілген сызықты оңға қарай айналдырып шығады. Бұл жосынды белбеулеу деп атайды. Бұл – Диқан баба қырман басына келгенде, астықты айналып, өзінің шапағатына бөлесін деген ырымның көрінісі. Мұнан кейін үйіндінің үстімен белбеуге дейін жететін қосымша екі сызықты айқыштап сызады. Екі сызықтың бірі құбылаға бағытталуы тиіс және ондағы астыққа сабымен төмен қаратып күрек, айыр және сыпырғышты шаншиды.
Астық жинаушылар. Қара тоғай болысы, Ақтөбе губерниясы.
СОСК 1910-11 жж. ҚР МОМ қорынан (КП 27229/16)
Үйілген бидайдың иесі етегінде құбылаға қарап отырып: Бісміллә деп аяқ-ыдысқа бидайды толтырып алады. Оны кеусен немесе аққұла деп атайды. Ол – кем-кетік, жетім-жесірлерге берілетін астықтың бөлігі. Малшы малдан зекет беретіні сияқты астықтың иесі де әлеуметтік жағдайы төмен топтарға А.-тан ғұшыр береді (толығырақ қ. Аққұла; Үшір / Ғұшыр). А.-тың бидай, сұлы, арпа, тары сияқты түрлерін жеке-жеке үйіп, бөлектеп қаптайды. Қырмандағы А. бір адамға ғана тиесілі болса, туысқандары мен көмекшілерінің көмегімен бидайды елеуішпен есеп- теп, сыйымдылығы бірдей қаптарға салып, арнайы қамбаға немесе ұраға тасыған. Егер А. бірнеше адамға ортақ болса, оларға өндірілген А.-тың тең жартысы тиесілі болды. Қалған жартысы көбінесе, жалданған адамдарға бөлініп беріледі. А. бөлуді оны басқарушы адам мен оның екі көмекшісі атқарды. Басқарушы адам өлшеуіш шараны (Сыр бойындағы егіншілер ағаш керсенмен өлшеген) бидайға толтырып алып, көмекшілеріне кезек-кезек беріп отыра- ды. Олар бидайды алдын ала белгіленген жерге апарып төгіп отырды.
Әдеб.: Кармышева Дж. Земледельческая обрядность у казахов // Древние обряды верования и культы народов Средней Азии. М.: Наука, 1986; Алтаев Б.Ә. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының егіншілікке бай- ланысты дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Ғыылми жетекші Нұрсан Әлімбай. Тарих ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алуға ұсынылған диссертациясының қолжазбасы. Алматы, 1994; Хлудов Н.Г. Шығармалар каталогы: кескіндеме және графика (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Жобаның жетекшісі, әрі кіріспе сөзінің авторы Нұрсан Әлімбай. Алматы: Эффект, 2003; Ибраев М. Сарыарқа қазақтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. І том. Алматы: Арыс, 2005.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»