Астық қору

27 Тамыз 2014, 09:49

Астық – азықтық дәнді дақылдар.

Астық  – азықтық дәнді дақылдар. Оған бидай, арпа, сұлы, тары тәрізді ақ егіс өнімдері мен бақшалық техникалық дақылдардың жекелеген түрлерін құрайтын көк егіс өнімдері кіреді Азық-түлік дегендегі азық –егістік өнімдерінен, ал түлік – мал өнімдерінен алынатын тағамдық заттар.

 

Бауланған астықты өгіз арбамен тасу. Өскемен уезі. СОСК 1910-11 жж. ҚР МОМ қорынан (КП 10438/186)

 

Орылған астықтың бауларын тасымалдау

 

Ағаш күректердің түрлері. Суретші Ж.Шәйкен

Астық қору – піскен астықты жинап алу шарасы. Қазақ диқаншылары қолына сақпан, зырылдауық, балақпан ұстаған қорықшылар егіс алқабын таңсәріден қара кешке дейін қориды. Тіпті, шымшықты үркіту үшін егіс ортасына адам бейнесіндегі қарақшыларды да іліп қоятын. Ел арасында диқан мен тары айтысыпты деген өлең жолдары сақталған:

Тары екпей бидай еккен пайда қылды,

Пәркіңді сенің құдай майда қылды.

Сонда тарыға тіл бітіп, диқаншының тәжірибесіздігі мен жалқаулығын айтып былай деген екен:

Бола ма менен артық тары деген,

Жеймін деп жау шымшықтың бәрі келген

Құлаққа ала жаздай су қоймадың,

Аузыңды «ұрайын» тары жеген.

Кұдай-ау, құрытсаңшы торғайыңды.

Саламын ойбайымды торғай көрсем.

Оңтүстікте маусымның аяғына таман екінші мәрте егілген тары тамыздың аяғына таман піскен кезде жыл құстарының қайту мерзіміне дөп келеді. Осы кезде далада қырғилар пайда болады. Ал  қырғидан қорыққан шымшықтар топтасып ұша алмайды. Сөйтіп, адамдар тарыны шымшықтарға тидірмей, рәсуә етпей орып жинап алады, ал сабанын шет жаққа бөлек жинайды.

 Астық бастырар алдында егiншi Диқан атаны еске алады да, бiр шайнам дәндi ауызға салып: «Дән дәмдi болсын, iшер көбейсiн» деген тiлек айтып барып iске кiрiседi. Қырмандағы тазаланған бидайды қызыл деп, ал ортаға жиналған астықты сас (тәжік-өзбектерде – гаш ұшырылған бидай үйіндісі), солтүстікте қызыл кейде майқан деп атаған. А.-тың бір жерге үйілуін сақтап қою немесе қызылдап қою деп атаған. Қырман иесі сақтап қойылған астық үстіне шығып шарамен өлшемін алады. Шараның сыйымдылығы бір пұттай болады. Сол шара толы бидайды алып, жиналған бидайды айнала төгіп шығады. Содан кейін ағаш күректің сабымен үйінді ортасымен сызық сызады да оңға қарай жүре белдеп шығады.

А. б. кезінде бидайды өгізбен айдағанда балалар арнайы өлең айтады:

Оптыр майда, о майда,

Майда болмай болмайды.

Сабаны саған пайда,

Дәні маған пайда.

Оптыр майда, бидай пайда

Диқан баба, майда-майда

Береке бер құдай-ау,

Көп-көп пайда.

 

Түйемен дән бастыру. ҚР МОМ қорынан (НКП 5482)

 

Астық ору – пішен дәнді жинап алу (қ. Егін).

Әдеб.: Кармышева Дж. Земледельческая обрядность у казахов // Древние обряды верования и культы народов Средней Азии. М.: Наука, 1986; Алтаев Б.Ә. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының егіншілікке бай- ланысты дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Ғыылми жетекші Нұрсан Әлімбай. Тарих ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алуға ұсынылған диссертациясының қолжазбасы. Алматы, 1994; Хлудов Н.Г. Шығармалар каталогы: кескіндеме және графика (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Жобаның жетекшісі, әрі кіріспе сөзінің авторы Нұрсан Әлімбай. Алматы: Эффект, 2003; Ибраев М. Сарыарқа қазақтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. І том. Алматы: Арыс, 2005.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: