Астрологтар 2023 жылы қауіптің қайдан келетінін айтты

2 Қаңтар 2023, 09:00 6722

Астролог пен нумеролог мамандар 2023 жылға болжам жасады

2023 жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр? Бұл сұрақты астролог және нумеролог мамандарға қойып көрдік. Келер жыл несімен ерекше, жаңа жылда жоспарды қашан және қалай құрған тиімді екенін қамтыдық, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

2023 жыл 7 санымен тұспа-тұс келіп тұр. Қазақтың ұлттық сандарының бірі болғанымен астрологияда 7 тұрақсыздықтың белгісі.

Мамандар еліміздің экономикасында тұрақсыздық және инфляцияның байқалатынын айтады. Сөзінше, еліміз үшін қаңтар мен ақпан айлары ауыр болмақ. Бұл айларда жылдық жоспар құруға болмайды, маңызды шешімдер мен жұмыстарды кейінге қалдырған дұрыс.

Жылдың бірінші жарты жылдығы өзгерістер мен күрделі шешімдерге толы болады десе, екінші жартысында жақсы жаңалықтар мен табысқа толы кезең болады деп күтілуде.

Астролог Радмила Искандер 2023 жыл ынтымақтастық пен серіктестікке толы жыл болып, 2024 жылы туризмнің дамуы мен мәдени шығармашылықтың айқын көрінісі орын алады деп сенеді.

Жылдық жоспарды қалай тиімді құру керек?

Әдетте адамдар жаңа жылға жаңа жоспарды жыл соңында құрып жатады. Дегенмен мамандар жылдық жоспарды 10 қараша мен 10 қаңтар аралығында құрмаған дұрыс деп кеңес береді. Мейлінше, жылдық жоспарды ертерек құру керек.

Нумеролог Құралай Бақытқызы қаңтар айын «карма» айы дейді:  «Астрологияда қаңтар және ақпан айлары 9 және 8 сандарына тұспа-тұс келеді. Бұл сандар астрологияда ауыр да, қиын сандардың бірі болғандықтан қиыншылықтардың болып тұруы заңдылық. Жыл басы қаңтар «карма» айы.  Ал, наурыз айы сәттіліктің мерзімі. Сондықтан жоспарды наурыздан бастап жүзеге асыруды ойластыра беру керек».

Маман 2023 жылды қара, көк және алтын түспен қарсы алған дұрыс деп кеңес береді. Себебі, қара – мінезді, көк – мөлдір суды, ал алтын түс – байлықты білдіреді.

Кәсіп ашып, жаңа жұмыс бастаймын деушілер үшін мамыр, маусым айлары сәтті болғалы тұр. Адамдарың көбісі жаңа істі қолға алып, рухани дамуға көбірек көңіл бөледі. Ішкі түйсік пен ойлау қабылеті арта түседі.  Осы тұста адамдардың көңілінен құбылмалылық жиі байқалатын болады.  

2023 – қозғалыс жылы. Адамдардың арасында көшіп-қону, орын ауыстыру, өсу немесе құлау секілді үнемі қозғалыс белгілері орын алады. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда 2023 жылы адамдардың бойынан «пессимистік» құбылыс пен күйзеліс көбірек байқалады.

Жақсы жаңалықпен қатар, қиыншылықтың да қатар жүретіні белгілі. Астролог, нумеролог мамандар, 2023 жылы елімізде апатты жағдайлардың да қаупі барын ескертеді. Бұл тұрғыда төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысы еселенетінін айтты. Нақтырақ айтқанда, апат судан келеді және елімізде бұған дейін орын алған әскери ұшақтардың, авиа апаттардың сериясы қайталануы мүмкін екенін жеткізді. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін сақтау керек.

Жаһандағы өзгерістер...

Жаһандық жаңалықтарға тоқталсақ, әлемде орын алып жатқан қақтығыстардың оңтайлы шешімге келу ықтималдығы жоғары.  

Құралай Бақытқызының айтуынша, әлемдегі үлкен державаларда билік басында отырғандардың арасында өзгеріс, жаңашылдық болады. Елдердің арасындағы ынтымақтастық пен серіктестік артады. 

 

Миражан Махан
Бөлісу: