Астананың кептелістерінде тұрғыңыз келмесе

17 Ақпан 2017, 11:49 11479

El.kz сайты назарларыңызға кептеліс кезінде уақытыңызды үнемдеп, қалаған жеріңізге тезірек жетуіңізге көмектесетін айналма жолдардың тізімін ұсынады.

2014 жылғы санақ бойынша Астана қаласында тіркелген көліктердің саны 300 мыңға жеткен. Елордаға жұмыс істеуге немесе қыдырып келген жандарды есепке алсаңыз, бұл көрсеткіш бірнеше есеге өсуі мүмкін. Қаладағы ұзын-сонар кептелістің себебі де осы. Көлік саны көп, ал көшелердің, көпірлер мен жол айырығының саны аз дейді мамандар.

El.kz сайты назарларыңызға кептеліс кезінде уақытыңызды үнемдеп, қалаған жеріңізге тезірек жетуіңізге көмектесетін айналма жолдардың тізімін ұсынады. Егер біз ұсынған тізімдегі барлық жолды білсеңіз, өзіңізді нағыз «елордалық» деп есептеуіңізге болады. Алып-қосарларыңыз болса, мархабат!

Ескерту: Бұл айналма жолдармен тек кептеліс уақытында ғана жүруге кеңес береміз. Өйткені, жай уақытта бұл жолдарда жаяу жүргіншілер мен тоқтап тұрған көліктер саны өте көп. Суретте қызыл белгі кептелісті, жасылмен айналып өтуге болатын жолды көрсеттік.

«Мәңгілік ел» көшесі. Сол жағалау

«Мәңгілік ел» көшесі жұмыс күндері таңғы сағат 8:30-9:30 аралығы, 13:00-14:30 және кешкісін 18:00-19:30 аралығында кептелістер туындайды. Фотода әуежайдан келе жатқан кезде «Керей-Жәнібек хандар» көшесінен өте салысымен «қалташадан» оңға кіріп келесі көпірге дейін кептеліссіз жүру жолы көрсетілген.

Әлихан Бөкейхан көшесі. Сол жағалау

Осы ауданнан алыстамай, келесі фотоға көз жүгіртіңіз. «Мәңгілік ел» көшесінің айналмасынан «Сығанақ» көпіріне шыға алсаңыз, Әлихан Бөкейханов көшесінде оң жағалауға және «Мәңгілік ел» көшесі кептеліссіз өтіп кететін екі жол бар.

Сарайшық көшесі. Сол жағалау

Сарайшық көшесі кең болғандықтан кептеліс көп бола бермейді. Бірақ, бола қалған жағдайда сіз оң жағындағы айналма жолмен өтіп кетуіңізге болады. Тек тұрғын үйдің жаны болғандықтан жылдамдықты асырмауға тырысыңыз.

Тұран көшесі. Сол жағалау

Тұран көшесінің бойында бірнеше танымал мейрамхана мен үш ойын-сауық орталығы орналасқандықтан көлік саны қай уақытта болсын көп. Сондықтан, Тұран көшесімен келе жатқанда «Сарыарқа» ойын-сауық орталығынан кейін «қалташаға» бұрылып, Қабанбай көшесіне немесе «Мега» ойын-сауық орталығына дейін жетуіңізге болады.   

Қалдаяқова көшесі. Оң жағалау

Астана тұрғындары (әсіресе мемлекеттік қызметкерлер) жұмыстан кейін кептеліске түспес үшін Сығанақ көшесінің бойындағы көпірмен өтуге тырысады. Бірақ көпірден түсе салған кезде солға кіріп, «қалташа» арқылы Тәуелсіздік көшесіне дейін жүруге болатынын біреу білсе, біреу біле бермейді.

Тәуелсіздік көшесі. Оң жағалау

Тәуелсіздік көшесімен жүріп келе жатқанда Б.Момышұлы көшесіне жетпей үлкен кептеліс туындап жатады. Бұл біздің байқауымыз бойынша бағдаршамның жасыл түсі өте аз уақыт жануына байланысты. Суретте Б.Момышұлы көшесіне жетпей оңға бұрылып кететін жол көрсетілген.

Ш.Уәлиханов көшесі. Оң жағалау

Астаналықтар Ш.Уәлиханов көшесінің бойында әрдайым кептеліс туындап отыратындығын жақсы біледі. Өйткені, бұл көшенің соңында «Артем», «Шапағат» секілді бірнеше үлкен базар орналасқан. Сондықтан, бұл кептеліске түспес үшін Омаров көшесіне бұрылып кетуіңізге болады. Тек бұл көшенің өте тар екендігін қаперіңізден шығармаңыз.

Жалғасы бар...

Рүстем Әлпи
Бөлісу: