Астаналықтар Қадір түнін қалай қарсы алды?

27 Наурыз, 03:00 2040

Мың айдан да қайырлы болған Қадір түні биыл наурыздың 26-нан 27-не қараған түнге сәйкес келді. Мұсылмандар үшін қасиетті Қадір түнін қарсы алу үшін бас қаланың елордадағы бас мешітке жиналған тұрғындар саны шамамен 25 мыңнан асты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін күллі Мұсылман қауымы үшін айтулы күн, яғни – Қадір түні. Діни наным бойынша, бұл Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде аталып өтетін мың айдан да қайырлы түн. Себебі бұл түні Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған делінеді. Астанадағы республикалық бас мешітке жылына бір рет келетін айтулы түнді қарсы алуға келіп жатқандардың саны көп.

(Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ)

Имамдардың айтуынша, бұл түні көпшілік көңілдеріне медет, жүректеріне иман сұрап қол жаяды, дұға етеді. Биыл Ханафи масхабінің ғалымдары Рамазан айының кез келген тақ түні Қадір болуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Бірақ наурыздың 26-нан 27-не қараған түнді бекітті. ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қадір түніне арнайы жеке жоспар әзірленгенін айтты.

ҚМДБ Ораза айына арнайы 30 күндік жұмыс жопарын бекітті. Сол жоспар бойынша жұмыс атқарып келеміз. Ал бүгінгі Қадір түніне жеке жоспар әзірленген. Бүгін еліміздің көптеген мешіттерінда хатым түсіріліп жатыр. Хатымның дұғасында тілек қабыл болады деген бар. Ал Қадір түнінде мешітке келетін адам көп. Көптің тілегі қабыл болсын деген ниетпен хатымды дәл осы Қадір түніне тураладық. Өздеріңіз куә болғандай Рамазан айының алғашқы күнінде басталған Құран оқуы жаңа ғана толық аяқталып, хатым дұғасы осы мешітте жасалды. Бүгін қол жайға барша мұсылманның дұғасы қабыл болсын. Сондай-ақ, бүгін таңға дейін арнайы жоспарлар бар. Қазір жамағатқа жеке құлшылыққа уақыт берілді. Көбі намазын оқып, дұға тілектерін жасап жатыр. Ары қарай уағыз оқылып, сұрақ-жауаптармен өрбиді. Осылай таңға дейін жоспар бойынша құлшылықтарымыз жалғасады. Ал сәресін мешітте ішем деушілерге арнайы ас та әзірленіп жатыр. Бұл елдегі барлық мешітте ұйымдастырылған, – деді бас мүфти.

Қасиетті түннің «қадір» аталуында өзіндік мән бар. Араб тілінен аударғанда қадірлі, қасиетті, құдіретті дегенді білдіреді. Ал шариғатта «Қадір» – ол «тағдыр» сөзімен мағыналас, яғни осы түні пенденің бір жылдық тағдыры, ризық-несібесі жазылады деп мысал келтіреді.

Айта кетейік, ресми ақпаратқа сүйенсек Қадір түні ел көлемінде 2077-ден астам діни ғимарат жұртшылықты қабылдайды. Ал Астанадағы бұл мешіттің ішіне 35 мың адам сияды. Оның 30 мың орыны ерлерге, 5 мың орын әйелдерге арналған. Бас мешіттің ауласына 170 мың адам сыйып кетеді.

(Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ)

(Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ)

(Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ)

(Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ)

(Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ)

(Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ)

(Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ)

(Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ)

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: