Астанада жас жұбайлардың салтанатты неке қию рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елімізде ұзақ жылдар бірге өмір сүрген ерлі-зайыптыларға ерекше құрмет көрсетіліп келеді: отбасылық өмірдің 50 жылдығы «Алтын шаңырақ», 25 жылдығы «Күміс кереге» деп аталады. «Астана жастары» өз кезегінде елордалық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп, салтанатты шара ұйымдастырып, жас жұбайлар неке қию рәсіміне қатысты.
Олардың қатарында екі ай бұрын шаңырақ көтерген Елдар Ерсенұлы мен Альбина Наурызбай да болды.
Мұндай ерекше шақыруға алғаш рет қатысып отырмыз. Ұйымдастырушыларға ұмытылмастай етіп жасағаны үшін алғыс айтқым келеді. Күміс пен алтын тойын тойлаған жұптарды көргенімізге қуанып отырмын. Отбасылық жолымыз ұзақ болсын!, - деді Альбина Наурызбай.
Жиналғандарға Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев құттықтау сөз сөйлеп, тілегін білдірді.
Қазақстанда отбасылық бақыт ең алдымен ата-бабамыздан келе жатқа құндылықтар мен дәстүрлерге негізделген. Осындай ерекше күні – Отбасы күнінде біз дәстүрлі құндылықтарымызды атап өтеміз, - деді ол.
Неке қию рәсімінен кейін жаңадан шаңырақ көтерген 4 отбасы мен ондаған жылдар бірге өмір сүрген 2 жұп ойларын ортаға салып, берік некенің сырлары мен дәстүрлі отбасы құндылықтарының маңыздылығы туралы айтты.
Кентай мен Күләш Ахметовтердің шаңырақ көтергеніне 51 жыл болды. Олар некесін қиған жас жұбайларға ақ батасын берді.
Бүгін – Шаңырақ күні. Жастарға айтарым: отбасылық өмірде өзара түсіністік маңызды, әйел адам отағасына құрметпен қарауы керек. Жаңа отбасыға келген жас келін сол үйдің тәртібін сақтап, құрметтеп, үлкенді, ата-енені сыйлауы керек. Оларды сыйлап, құрметтесеңіз, балаларыңыз да сізге қарап бой түзейді. Әрбір әйел отбасының ұйытқысы екенін білуі керек. Мықты некенің сыры осында, - деді Күләш Ахметова.
4 бала тәрбиелеп өсірген олар қазір 9 немере сүйіп отыр.
Абай мен Жазира Жылқышиевтер үшін Шаңырақ күні ерекше болды. Олар биыл күміс мерейтойын тойлап жатыр.
Неке қиған жастарға бақыт және отбасылық ұзақ ғұмыр, ал жолдасым екеумізге алтын тойымызды тойлауды тілеймін! Шаңырақ күні құтты болсын! Елімізде тыныштық пен амандық болсын!, – деп тілегін жеткізді Жазира Жылқышиева.