Астаналық волонтерлер мерекеде бауырсақ пен тәттілер таратты

1 Мамыр, 20:51 570

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай елордалықтарға бауырсақ пен тәтті таратылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, бірлік пен татулықтың мерекесінде «Бауырсақ біріктіреді» атты акцияны ұйымдастырды.

Бүгінгі шуақты күні волонтерлер астаналықтар мен қала тұрғындарын осынау мерекемен құттықтап, қазақтың ежелгі салтының негізінде дәм ауыз тигізді. Сөйтіп, көпшілік көп шоғырланатын жерлер мен аялдамаларда елордалықтарға 10 келідей бауырсақ пен тәтті таратылды, - деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қызметкері Дамир Айтымов.

Волонтерлердің бірі Давид Шарипов үнемі игі істің басы-қасында жүреді. Ол бұл іс-шарада да белсенділік танытты.

Қазақстандықтарды осы этносаралық бірлік пен келісім мерекесімен құттықтаймын. Біз бүгін ұлттық тағамымыз - бауырсақ тарату арқылы халқымызды біртұтастыққа шақырып, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін нығайтпақпыз, - деді волонтер.

Елордалықтар да мерекелік тартуға ризашылықтарын білдіріп, өздерінің ақжарма ақ тілектерін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, елордада «Игі істер марафоны» акциясы өтіп жатыр. Акцияның басты мақсаты – еріктілер мен тұрғындарға халықтың әлеуметтік қорғалмаған санаттарына, қарт адамдарға, мұқтаж зейнеткерлерге барынша көмек көрсетуге мүмкіндік жасау.

Перизат Саденова
Бөлісу: