Елордалық құтқарушылар автожолдардың жабық учаскелерінде қалған жүргізушілерді тамақпен қамтамасыз етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін ауа райының нашарлауы нәтижесінде елордалық құтқарушылар полиция департаментімен бірлесіп Республикалық маңызы бар автожолдарда патрульдеу жұмыстарын жүргізуді бастады.
Тәулік бойы құтқарушылар қар құрсауында қалған азаматтарға және олардың көмегіне мұқтаж жүргізушілерге көмек көрсетіп, күшейтілген режимде қызмет атқарып жатқаны мәлім болды.
ТЖМ мәліметінше, жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ волонтерлермен бірлесіп құтқарушылар автожолдардың жабық учаскелерінде қалған жүргізушілер мен жолаушыларға ыстық шай мен тамақ таратуда.