Астаналық қаламгерлер мерекеге қарсаңында марапатталды

2 Шілде 2023, 18:21 965

Қаламгерлер аллеясында елорда әкімдігі мен «Қазақстан Жазушылар Одағы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының қолдауымен «Астана – шабыт арқауы» атты мәдени іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Бүгінде Астанада Қазақстан Жазушылар одағының 160-тан астам мүшесі тұрады. Осыдан екі жыл бұрын елордалық жас ақын-жазушылардың 30-дан астам кітабы жарыққа шыққан болатын. Ол дәстүр әлі де жалғасын таба береді. Күні кеше араға 11 жыл салып ақын-жазушылардың мүшайрасы өтті. Осындай дәстүрлі іс-шараларда қаламгерлер тек елорданың ғана емес, еліміздің руханиятына, мәдениетіне өз үлестерін қосып келе жатыр. Бүгін өздеріңізге ризашылығымызды, сый-құрметімізді көрсетейік деп отырмыз. Елорда күні құтты болсын!» – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.

«Астана – шабыт арқауы» атты мәдени-іс шарада Төлен Әбдік, Қойшығара Салғараұлы, Ғарифолла Есім, Әлібек Асқар, Серік Тұрғынбекұлы, Алдан Смайыл, Алтыншаш Жағанова, Шәрбану Бейсенова, Тұрсын Жұртбай және тағы басқа қаламгерлерге елорда әкімінің сыйақысы табысталды.

Сондай-ақ, мәдени іс-шарада ақындар мен жазушылар қолтаңба сессиясын, кітаптар тұсаукесерін өткізді.

Биыл – байрақ көтерген Астанамыздың 25 жылдығы. Ерке Есілдің жағасында елорда көркейіп, қанат жайып, жалпы қазақтың қуанышына айналды.  Ақын-жазушылар мемлекетіміздің маңызды дүниелерінде бей-жай қарап қалмайды. Қаламгерлер билік пен халық арасында алтын көпір дәнекері болып жүр. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бүгін-ертең ақын-жазушыларды мереке қарсаңында құрметтеп, қадірлеу мақсатында 80 қаламгерге сыйақы табысталады, - деді ақын, «Қазақстан Жазушылар Одағы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы.

Айта кетейік, Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ «Астана – бейбітшілік және жасампаздық мекені» атты кітап көрмесін ұсынды.

Асқар Таудай
Бөлісу: