Астаналық дәрігерлер үш пациентке донорлық органдарды трансплантациялады

19 Шілде, 17:28 599

17 шілдеде University Medical Center клиникаларында орган трансплантациясын күту тізімінде тұрған үш пациентке донорлық органдарды трансплантациялау бойынша операциялар сәтті өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Донор геморрагиялық инсульт алған 44 жастағы әйел болды, дәрігерлер консилиумы ми өлімін тіркеді. Қиын жағдайда оның туыстары орган донорлығына келісім беріп, бес адамға өмір сыйлады.

UMC Жүрек Орталығында медициналық топ бұрын LVAD механикалық қан айналымын қолдау құрылғысы имплантацияланған 43 жастағы пациентке донорлық жүрек трансплантациясын жасады. Екінші пациентке өкпе трансплантациясы жасалды. UMC Ана мен Бала орталығында 15 жасар қызға бүйрек трансплантациясы жүргізілді. Барлық реципиенттердің жағдайы қанағаттанарлық, олар мамандардың бақылауымен оңалтудан өтіп жатыр.

Сондай-ақ, екінші донорлық бүйрек пен бауыр Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында пациенттерге трансплантацияланды. Донорлық органдарды трансплантациялау ең күрделі операциялардың бірі, алайда тәжірибе, дағдылар және техникалық жарақтандыру оларды біздің елімізде жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік беруде. Жүрек пен өкпе трансплантациясы қайтыс болғаннан кейінгі донордан, ми өлімі расталған кезде ғана жүзеге асырылады. Алайда, одан кейінгі процесс көбінесе әлеуетті донордың жақын туыстарының шешіміне байланысты.

Ағзаларды трансплантациялауды сәтті жүргізу - әртүрлі мемлекеттік және медициналық қызметтердің үйлесімді топтық жұмысы. Бірінші кезекте, операция жүргізуге келісім берген донордың жақындары мен туыстарына, Ақмола облысы Көпсалалы облыстық ауруханасының мамандарына, UMC және ҰҒОО клиникаларының трансплант-үйлестірушілері мен трансплантологтарына алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, Көкшетау қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне, Ақмола облысы полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасына көліктік сүйемелдеу көрсеткені және «жасыл дәлізді» қамтамасыз еткені үшін, сол арқылы донорлық органдарды тасымалдау кезінде уақытты қысқартуға көмек көрсеткені үшін алғыс айтамыз, - делінген аурухана ақпаратында.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: