Астаналық дәрігерлер 15 мыңға жуық жоғары технологиялық медициналық ота жасады

24 Қараша 2023, 22:51 987

Елордада 23,3 млрд теңгеден астам сомаға жоғары технологиялық медициналық қызметтер бойынша 14 315 ота жасалды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Белгілі болғандай, биылға арналған сатып алу жоспары бойынша медициналық қызметтер көрсетуге 253,8 млрд теңге қарастырылған сома, оның ішінде: ТМККК аясында - 124,4 млрд теңге, МӘМС жүйесінде - 129,4 млрд теңге.

Жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия тағы да басқа профильдер бойынша жүздеген құны қымбат операциялар жасалып жатыр. Осындай бір ғана күрделі отаның құны орта есеппен бірнеше миллион тұрады.

2023 жылғы 21 қарашадағы жағдай бойынша медициналық қызметтер көрсетуге 12,2 млрд. теңге қосымша қаражат бөлінді, оның ішінде: ТМККК аясында - 4,5 млрд. теңге; МӘМС жүйесінде - 7,7 млрд. теңге, - деп мәлімдеді баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Марат Хавсемет.

Жыл басынан Астана қаласында 23,3 млрд теңгеден астам сомаға жоғары технологиялық медициналық қызметтер бойынша 14 315 ота жасалған. Оның ішінде ТМККК аясында 3,5 млрд. теңгеден астам сомаға 8 171 ота және МӘМС жүйесінде 19,8 млрд. теңгеден астам сомаға 6 144 операция жасалды.

Мысалы, 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Астана қаласы бойынша 10,3 млрд. теңге сомасына 1568 кардиохирургиялық операция, 3,9 млрд теңге сомасына 1005 нейрохирургиялық операция жасалды. 123 ЛОР бейіні бойынша 887,5 млн. теңге сомасына манипуляциялар жүргізілді.

Бүгінгі таңда тізе және жамбас буындарын ауыстыру операциялары тұрғын халық арасында үлкен сұранысқа ие. Мысалы, 2023 жылдың басынан бастап тізе және жамбас буындарын ауыстыру бойынша Астана дәрігерлері 35,2 млн  теңге сомасына осындай операциялар жасады.

Елорда стационарларында 1,6 млрд теңге сомасына 286 тамырға және нейроваскулярлық операциялар, сондай-ақ 2,6 млрд теңге сомасына 1775 трансплантация жасалды.

Жыл басынан бері стационарда 115 403 пациент 141,2 млрд. теңге сомасына емделді, оның ішінде ТМККК шеңберінде 42,4 млрд. теңге сомасына 95 316 адам (2022 жылы осы кезеңде - ТМККК бойынша 35,4 млрд. теңге сомасына 92 909 адам); МӘМС жүйесінде 84,4 млрд. теңге сомасына 222 233 адам емделген (2022 жылы осы кезеңде - МӘМС бойынша 69,4 млрд. теңге сомасына 215 349 адам). 2022 жылмен салыстырғанда көрсеткіш өскені байқалады, - деді Марат Хавсемет.

ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуге Қормен шарт жасай отырып, медициналық ұйым халыққа сапалы медициналық көмек көрсету және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті өзіне алады. Қызмет жеткізушіге қойылатын бұл талаптар шартта жеке тармақпен бөліп көрсетілген және олардың орындалуы Қор тарапынан бақыланады.

Берік Арманов
Бөлісу: