Астаналықтар отандық өнімге қолдау білдіріп отыр

26 Ақпан 2015, 03:19

Бүгінде астаналықтар отандық өнімді қолдау мақсатында үлкен нәтижелі жұмыстар атқарып жатыр. Сондай-ақ, оның жүзеге асуына Астана қаласы әкімдігі де атсалысып отыр.

Отандық өнімдерді қолдау мақсатында «Қазақстанда жасалған» акциясын жүзеге асыру идеясын алғаш рет үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Мемлекет басшысының ұсынысы астаналықтар арасында кең қолдау тапты.

Бүгінгі таңда Астанадағы сауда орындарында отандық өнімдер қойылған сөрелер көзтартарлықтай безен­діріліп, тұсына арнайы ақпараттық тақтайшалар ілініп, алыстан менмұндалап тұрады. Тұтынушылардың таңдауына, олардың отандық өнімді пайдалану арқылы сапасы мен пайдасын, бағасы мен тиімдігін анықтауына тікелей әсер етеді. Отандық өнімдердің ең басты насихаты тұтынушының толықтай қажетін өтеуі арқылы өздігінен жүзеге асатынын ескерген жөн.

Бүгінде астаналықтар отандық өнімді қолдау мақсатында үлкен нәтижелі жұмыстар атқарып жатыр. Сондай-ақ, оның жүзеге асуына Астана қаласы әкімдігі де атсалысып отыр. Елорда әкімдігі қазақстандық өнімдерді қолдау мақсатында өтіп жатқан «Қазақстанда жасалған» акциясын қолдайды. Бүгін тағы да бір супермаркетте отандық өнімдер қойылған сөрелер таныстырылды.

Астана қаласының Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Малика Бектурованың айтуынша, бүгінде елордада 400 жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олардың бірқатары азық-түлік өнімдерін шығарады. Көкөністер мен жемістердің басым бөлігі, сондай-ақ, сүт өнімдері дүкен сөрелеріне елорданың азық-түлік аймағына жататын жақын облыстардан келіп түседі. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға қолдау көрсетілді, макарон өнімдерін шығаратын фабрика модернизацияланды.

«Біз елорда тұрғындары мен барша қазақстандықтарды өзіміздің отандық тауарды таңдауға шақырамыз. Қазақстанда, соның ішінде Астанада өндірілген тауарлардың сапасы да, бағасы да сатып алушыларды әлдеқайда көп тартады деп ойлаймын», - деді Малика Бектурова.

Шақырылған қонақтар тележүргізуші, әртіс Тұрсынбек Қабатов пен астаналық «Барыс» хоккей клубының ойыншысы, хоккейден ұлттық құраманың капитаны Талғат Жайлауов сырттан әкелінетін тауарлардан гөрі отандық өнімді жақсы қабылдайтындарын айтты.

Елорда тұрғындары да көбінесе қазақстандық өнімдерді тұтынады. Олардың пікірінше, отандық өнімдер сапасы жағынан шетелдік өнімдерден кем түспейді, бағасы да әлдеқайда қолжетімді. Қала тұрғындары отандық тауарлар үнемі балғын әрі пайдалы, табиғи өнімдерден жасалады және шетелдік өнімдерге қарағанда дәмдірек болатынын айтты.

Еске сала кетейік, «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында дүкендер мен супермаркеттерде отандық өнімдер қойылған сөрелер арнайы тақташамен белгіленеді, соның арқасында сатып алушылар оларды оңай тауып, таңдай алады.


Әзірлеген: Досжан Мейірбек.

Фото astana.gov.kz сайтынан.

Бөлісу: