8 Маусым 2015, 06:32
Әсем Айдар: Астана бақыт мекені деген рас екен. 2008 жылы Астанада құрбым Әсемнің тойы өтті. Ол тойда сыныптасым Мереке құдаша, ал күйеужігіттің досы Дархан құдабала болады. Кейін, 2010 жылы сол Астанада Мереке мен Дархан үйленетін болады. Мен ол кезде Алматыда жүргем. Біз Әсем, Мереке және мен үшеуміз Шымкенттегі Қазақ-түрік лицейінде бірге оқыдық. Достығымыз содан басталған. Содан, жан құрбым Мерекенің тойына мен құдаша болып келем. Ал, Асан Дарханның сыныптасы әрі досы ретінде құдабала болады. Сонда, достарымыз бізге қалжыңдап: «Енді сендердің тойларыңа қашан барамыз?» дейтін. Мен бастапқыда әзіл ретінде қабылдағаныммен, кейін Асан екеуміз ортақ достарымызбен бірге отырыстарда жиі кездесіп қалып жүрдік. Сондай күндердің бірінде ол мені ұнататынын айтып, сөз салды.
Сарыарқаның сары даласынан сағым боп бой көтерген әсем шахар бүгінде талай жүректерді табыстырған, тағдырларды тоғыстырған мекен. Астанаға жұмыс іздеп келіп, екінші жартысын тауып жатқандар осы қаланың құрметіне үйлену тойларын 6 шілде – Астана күні атап өтуді сәнге айналдырды. Солардың бірі Барзулар жанұясы.
Асан Барзу: Үйдің үлкені болған соң ба, әкем маған: «Ата-ана жолдас болмайды. Ертең інілеріңе сен бас көз болуың керек. Астанаға бар, сол жақта орналас. Бауырларыңды өзіңе тарт», деп айтып отыратын. Оқу бітірген соң, төрт жігіт болып Астанадан өз кәсібімізді бастадық. Құдайға шүкір, ісіміз оңға басып, ақпараттық технологиялар бойынша қолдау көрсеттетін компания аштым. Қарауымда 24 инженер-программист жұмыс жасайды. Мемлекеттік органдарға, оқу орындарына және кәсіби ұйымдарға ақпараттық жүйелер құрастырумен айналысамыз. Сөйтіп, маған жұмыс тауып берген Астана, менің сүйікті жұбайымды кездестіруіме де себепші болды. Сол үшін Әсемге Астана күні – 6 шілдеде үйленейік деп ұсыныс жасадым. Өз бақытымды Астанамен байланыстырғым келді.
Әсем Айдар: Маған идеясы ұнады. Сол күні ел болып қала күнін тойлап жатқан кезде, біз де өз мерейтойымызды атап өтетін боламыз. Бұл бір. Екіншіден, Астана жылдан жылға көркейіп, дамып келе жатқан қала. Оның символы «Бәйтерек». Ал, бәйтерек бұл қасиетті ұғым. Отбасымыздың бәйтеректей нық әрі берік болып, Астанадай гүлдене беруі үшін осы күнді сәтті деп қабылдадым. Биыл біздің отбасымыздың туылғанына үш жыл толады. Бір ұлымыз бар. Жыл сайын 6 шілде күні дастархан жайып, өзімізше атап өтеміз. Біз бейбіт елде өмір сүріп жатқан бақытты жанұялардың біріміз. Баршаңызға да сондай бақытты тілеймін.
Иә, ол екеуінің махаббат хикаясы Астанадан басталған еді...
Материалды әзірлеген: Қаламқас Нұрмақова