3 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмысына мыңға жуық арнайы техника мен 2,7 мыңға жуық жол жұмысшы жұмылдырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астана әкімдігінің мәліметінше, коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
2 желтоқсаннан 3 желтоқсанға қараған түні қар полигондарына 189 ауыр жүк рейсімен екі мың текше метрге жуық қар шығарылды.
Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 64 мыңнан астам рейспен 812 мың текше метр қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады, - делінген мәліметте.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.