Астанада өткен түнде қар мол жауды. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, қар тазалау жұмысы үздіксіз жүргізілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, 29 қаңтар күні таңертең елордада қар тазалауға 2 629 жол жұмысшы мен 1 789 арнайы техника шықты.
29 қаңтарға қараған түні коммуналдық қызметтер қаладан 44 мың текше метрден астам қарды 3 539 рейспен алып шықты.
Қыс мезгілінің басынан бастап полигондарға 4,28 млн текше метрден астам қар 337 617 ауыр жүк рейсімен шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие, - делінген мәліметте.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.