Астанадан Атбасар мен Көкшетауға жүретін жаңа жылдық электропойыз жолға шықты

Кеше, 01:30 288

«Жолаушылар тасымалы» АҚ мерекелік тақырыпта безендірілген Жаңа жылдық электропойызды жолға шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Электропойыз аптасына бес рет №6803/6804 «Астана-Атбасар» және №7507/7508 «Астана-Көкшетау» бағыттарында қатынайды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы жаңа жылдық электропойыздың сыртқы безендіруі қар ұшқындары мен Аяз ата және Ақшақардың бейнелерімен ерекшеленеді. Вагондардың ішкі бөлігі шырша ойыншықтары, гирляндалар және қар өрнектерімен әсемделіп, жолаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Балалар үшін арнайы пошта жәшігі орнатылған, онда олар өз тілектерін жазып, Аяз атаға хат жібере алады. Сондай-ақ, жолаушылардың жайлылығы үшін пойызда жаңа піскен нан-тоқаш, сусындар мен тәттілерді қолжетімді бағамен ұсынатын буфет қарастырылған.

Электропойыз екі бағытта ұйымдастырылған, бұл мерекелік сапарды мүмкіндігінше көп жолаушыға қолжетімді етеді. Атбасарға пойыз дүйсенбі, бейсенбі және жұма күндері, ал Көкшетауға сенбі және жексенбі күндері қатынайды. Жөнелту Астанадағы Нұрлы жол және Астана-1 вокзалдарынан жүзеге асырылады.

Билеттерді bilet.railways.kz сайтынан немесе вокзал кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 нөміріне қоңырау шалу арқылы алуға болады.

Перизат Саденова
Бөлісу: