Астанадағы «Журналистер» саябағы мен «Қаламгерлер» аллеясында Абай мұрасы ұлықталды

11 Тамыз, 04:38 554

Абай күні мерекесіне орай Астана қаласында алдағы онкүндікте Абай шығармаларын насихаттау мақсатында аудан әкімдіктерінің, білім, мәдениет салалары мекемелерінің ұйымдастыруымен 70-тен астам іс-шара өткізіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік мәліметінше, «Журналистер» саябағында «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» әдеби кеші өтті. Елорданың Байқоңыр ауданының әкімдігі, Астана қаласы Білім басқармасы, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы ұйымдастарған кешке қаламгерлер, ғалымдар, ұстаздар қауымы мен оқушылар қатысты. Кеш барысында Абай өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.

Бүгінгі жастар не үйрену керек деген кезде Абай даналығының мәнін бір ғана ауыз сөзге сыйдыруға болады, бұл - ұлтты бақытты ету. Ұлтты бақытты етудің үлкен кілті - еңбек пен өнер. Өнерге Абай технологияны, техниканы да сыйдырған. Қазіргі жасанды интеллект, IT-технология бәрі де - Абайдың бізге аманаттап кеткен міндеттері. Біз оны ұмытпауымыз керек, - деді белгілі ғалым, академик, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы.

Белгілі ақын, абайтанушы, «Бала Абай» жобасының авторы Алмахан Мұхаметқалиқызы биыл ұлы Абайдың, оның балалары Мағауия мен Ақылбайдың дүниеден өткеніне 120 жыл толып отырғанын айта келе, осы жылды «Абай жылы» деп атауға болатыны туралы пікірін жеткізді.

Құнанбайдың 220 жылдығын биыл Семей жері, Абай елі жақсылап өткізді. Біз Абайды ғана емес, Абайдың айналасын да тануымыз керек. Абай шығармашылығын, Абайдың өмірін білгеніміз өте дұрыс деп ойлаймын. Өлеңдері мен Қара сөздерін ғана жаттаумен тоқтап қалмауымыз керек. Бүгінгі күнге Алаш арыстары жеткізген Абай шығармашылығындағы ұлтты тәрбиелеу идеясын ұғынуымыз қажет. Мағжан Жұмабайұлы өзінің «Педагогика» еңбегінде данышпан Абай осылай деп айтқан деп Абайды тіліне тиек етеді. Ұлт руханиятының, ұлт құндылығының, салт-дәстүріміздің, бүкіл бойымыздағы, қанымыздағы құндылығының кілті Абайда, - деді Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Өз кезегінде белгілі ақын, Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы:

Биыл Абайдың өмірден өткеніне 120 жыл. Абайдан сонша алыстағанымызбен Абайдың рухына жақындай береміз. Абай айтқан асыл қасиеттердің барлығы қазақ баласының бойынан табылса, Алаш баласы адаспайды деп ойлаймын. Өйткені Алаш зиялыларының өзі Абайдың ақыл-ойын өздеріне темірқазық қылды, - деді.

«Журналистер» аллеясымен қатар орналасқан «Қаламгерлер» аллеясында «Абай - руханияттың алтын қазығы» әдеби-сазды кеші өтті. Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған іс-шараны белгілі ғалым, академик, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы мен ақын, Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы ашып берді. Кеш барысында абайтанушылар Қалихан Алтыбаев пен Алмахан Мұхаметқалиқызы жиналғандарды Абай әлеміне жетеледі. «Тіл-қазына» орталығының қызметкерлері, ақындар Жарқынбек Жұмаділұлы, Біржан Ахмер, Арман Шеризат қатысып, ұлы Абайдың және өздерінің өлеңдерін оқыды. Абай әндері әуелеп, «Әлемдік ойдың алыбы» көрмесі ұйымдастырылды. Әдеби-сазды кешке белсенді атсалысқандарға Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің алғыс хаттары табысталды.

Зарина Арман
Бөлісу: