Астанадағы ЖЭО жұмысы 90% орындалған

14 Тамыз 2023, 09:06 1067

Сенбі, 12 тамыз күні, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Астанадағы «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары (ГЖС) мен 3-ЖЭО құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда 3-ЖЭО-да жұмыс 90% орындалған.

Биыл барлық 4 қазандықты (газ) кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр.

Бұл елордадағы жылу қуатын қосымша 440 Гкал/сағ арттыруға мүмкіндік береді.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Әлихан Смайылов бұл жобаның қала халқы үшін әлеуметтік маңыздылығын және оны іске қосу мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Алдағы жылыту маусымында қазандықтардың бәрін пайдалануға беріп, қаланы қосымша жылумен қамтамасыз ету өте маңызды. Қала әкімдігі нысанды уақтылы іске қосу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс, — деді ол.

Содан кейін премьер-министр елорданы шамамен 350 Гкал/сағ көлемінде қосымша жылумен қамтамасыз ететін «Тұран» газ жылу стансасына барды.

Одан әрі үкіметтік делегация жалпы қуаты 350 Гкал/сағ болатын және сол жағалау аймағын қамтуы тиіс «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасының құрылысын тексерді.

Құрылыс жоспар бойынша жүріп жатыр.

Жалпы, жаңа ГЖС-ның артықшылығы – табиғи газды үнемді тұтынуға мүмкіндік беретін шағын қазандықтар. Табиғи газдан басқа, олар дизельмен жұмыс істеуге арналған.

Қазір бізде екі газ қазандығы бар, жаңа жылу электр орталығы іске қосылып жатыр. Бұл алдағы жылыту маусымында қаланы шамамен 1100 Гкал/сағ жылумен қамтамасыз етеді, демек, біз жылуды артығымен беруге жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ елорданы болашақта жылумен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін келесі жылы қосымша газ қазандықтарын енгізу жоспарланып отыр, — деді Әлихан Смайылов.

EL.KZ
Бөлісу: