Астанадағы жаяу жүргіншілер аллеясында жүздеген алмұрт көшеті отырғызылды

27 Сәуір, 08:45 740

Астанадағы Нұра ауданында 300 алмұрт ағашын отырғызуға дипломатиялық миссиялардың өкілдері, бокстан Азия чемпиондары, спортшылар мен Қазақстан Әкелер Одағы қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігіне сілеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Жасыл желектер Әйтеке би көшесіндегі аллеяның көркін арттыра түсті. Нұра ауданының әкімдігі араб, Еуропа мемлекеттерінің елшіліктерінің, Еуропалық Одақ және көршілес елдердің өкілдіктерінің көгалдандыру акциясына қатысуын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылып отырғанын атап өтті.

Қазақстандық дипломатиялық корпуста 70-тен астам елшілік бар. Олардың барлығы қаламызды көркейту үшін осындай шараларға үнемі қызығушылықпен, үлкен ықыласпен қатысады. «Жасыл аймақ» апталығы аясында қолдарына күректерін алып, Әйтеке би көшесіндегі аллеяға алмұрт отырғызуға білек сыбана кірісті. Дипломатиялық корпус Есіл өзенінің жағалауын тазарту немесе ағаш отырғызу болсын, мұндай акцияларға қатысуға әрқашан дайын, үнемі қолдау көрсетіп отырады, - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.

Жаяу жүргіншілер аллеясын абаттандыруға Қазақстан Әкелер одағының мүшелері де атсалысты. Көшеттерді отырғызуға әкелер балаларымен бірге қатысты.

Мен 7 жыл бұрын алғаш рет ағаш отырғызу науқанына қатыстым. Ол кезде Ботаникалық баққа отырғызылған шыбықтар қазір көлеңкелі үлкен ағаштарға айналды. Сондықтан мұндай бастамаларды үнемі қолдауға тырысамын. Ұрпақ сабақтастығының үлгісі ретінде бүгінгі шараға әкеммен және ұлыммен келдім. Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаны, жерімізді, табиғатымызды аялаудың тамаша үлгісі болып саналады, - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев.

Ауқымды көгалдандыру науқаны бокстан Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын боксшылар, хоккейшілер және ММА жауынгерлері тарапынан да қолдау тапты.

Айта кетейік, елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртiптiң үлгiсi» экоакциясы өтіп жатыр. Қаланы санитарлық тазалау мен көгалдандыруға спортшылар, елшілер, қоғам қайраткерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, еріктілер және астаналықтар қатысуда.

Зарина Арман
Бөлісу: