Астанадағы театрда «Патша көңілім, не дейсің?!» спектаклінің премьерасы өтті

29 Желтоқсан 2023, 16:50 841

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында «Патша көңілім, не дейсің?!» спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, драматург Қуаныш Жиенбайдың пьесасы бойынша сахналанған комедияның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов. Театр әртістері  көрерменге әзіл-қалжың көп болғанымен, маңызды да мұңды тақырыпты қозғайтын комедия ұсынды. Бұл оқиғада ата-ананы ұмытпау, оларға қамқорлық жасау және туған жерге оралу қаншалықты маңызды екендігі айтылады.

Спектакльде әр түрлі тақырыптар, яғни әкелер мен балалар, қалалар мен ауылдар туралы мәселелер көтеріледі. Басты кейіпкерлердің төрт ұлы мен қызы болса да, олар жалғыз қалған. Барлығы қалаға көшіп, ата-аналарына көптен бері бармай жүреді. Бұл жағдай оларды қарашаңыраққа жинап, ата-аналарына бұрыннан  неге келе алмағандары жайында әңгіме айтуға итермелейді, - дейді режиссер.

Спектакльді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омар, Лейла Бекназар, «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асылбек Қапаев, Жанқалдыбек Төленбаев, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Ерлан Малаев, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Ботагөз Мақсұтова және театрдың жас артистері сомдады.

Актриса Майра Омардың айтуынша,  қойылым ер азаматтардың қоғамдағы орны және әкелердің рөлі туралы өте маңызды тақырыптарды қозғайды.

Премьераға зиялы қауым өкілдері мен театр қайраткерлері шақырылды. Туынды авторы Қуаныш Жиенбай театр ұжымына тамаша қойылым үшін алғысын білдірді.

Қоюшы-суретшісі – Тимур Коесов. Композиторы – Қайрат Тоқымбетов.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: