Астанадағы сайлау учаскелерінің дайындығы қалай

16 Қараша 2022, 17:46 3868

Астана қаласы бойынша 406 сайлау учаскесі қызмет ететін болады

Президент сайлауының өтуіне небәрі 4 күн қалды. Сайлау күні Астана қаласы бойынша 406 сайлау учаскесі қызмет ететін болады. Олардың маңызды оқиғаға дайындығы қалай? Барлық қажетті затпен жабдықталған ба? Бұл сұрақтардың жауабын білу үшін елорданың сайлау учаскелеріне барып, көзбен көріп қайттық.

Алдымен №139 сайлау учаскесі «Астана» концерт залына келдік. Аталған учаскенің комиссия мүшелерінің бірі Жандос Айбеков сайлауға толыққанды дайын екендерін айтып, дауыс беру орнымен таныстырды.

Жандос Айбекұлының айтуынша, учаскеге 2522 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 6-ауы мүмкіндігі шектеулі дауыс беруші. Оларға арнайы құралдармен жабдықталған бөлек кабинкалар мен бұрыштар қойылған.

«Мына орын байқаушыларға арналған. Олар дауыс беру жұмысының әділ әрі дұрыс өтуін бақылап отырады», - дейді ол. 

Сайлау күні қызмет ететін 11 төрайым, төрайымның орынбасары, хатшы, комиссия мүшелерінің тізімі жасақталған. 

№139 сайлау учаскесіне тіркелген ең үлкен дауыс берушінің жасы 94-те. Ал алғаш рет сайлауға қатысатын 18 жасар сайлаушылардың саны 16. 

«Астана» концерт залына барғаннан кейін №49 бен №50 сайлау учаскесі Астана қаласы әкімдігінің «№63 мектеп-гимназия» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жол тарттық. 

Мектептегі №49 сайлау учаскесі ғимараттың ортасында орналасқан. Гимн, комиссия мүшелері мен байқаушыларға арналған қажетті дүниелер сайлау күніне қарай қойылатын болады. 

№49 сайлау учаскесінде 2286 дауыс беруші тіркелген. Сайлаушылардың 3-еуі нашар еститіндер, 8-і көзі нашар көретіндер. 

Ал №50 сайлау учаскесі бимен айналысуға арналған кабинетте орналасқан. Сайлау учаскесін директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Бағдат Булекбасова көрсетіп шықты. 

«Мектептегі спортзал суық болғандықтан, Астана қаласының әкімдігі сайлау учаскесін биге арналған кабинетке ауыстыруға рұқсат берді. Сайлауға қажетті құрал-жабдықтардың барлығы бар. Оны жұма күні кешке орындарына қоятын боламыз», - деді ол.

«Сайлауға арналған барлық шақырту таратылып, плакаттар ілінді. Біздің мектептегі сайлау учаскелеріне 11 көшенің тұрғындары қатысады. «№63 мектеп-гимназиясы» сайлауға толығымен дайын», - деді Бағдат Булекбасова. 

№50 сайлау учаскесіне тіркелушілер саны - 2702. Денсаулығына байланысты 1 сайлаушы ғана үйден дауыс беретін болады.

Мектептен шығып №176 мен №182 сайлау учаскесі орналасқан Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театрына бардық. 

Әзірге «Жастар» театрында орналасқан сайлау учаскелері құрылмаған. №176 сайлау учаскесінің кезекшісі Мұрат Шарипов театрдағы кешкі қойылым аяқталғаннан кейін сайлауға қажетті орын дайындалатынын айтты. Сондай-ақ ол екі учаскенің құрылатын орнын көрсетіп шықты. Ал сайлау күні жұмыс істейтін комиссия мүшелерінің тізімі әзірге белгісіз екен.

№176 сайлау учаскесіне 1975, ал №182 учаскеге 2000-нан аса сайлаушы тіркелген. 

Сайлауға қажетті жабдықтардың барлығы бір жерде жиналып тұр. Кешке қарай тиісті жеріне орналастырылатын болады. 

Театрдан кейін №111 сайлау учаскесі Ұлттық академиялық кітапханаға бардық. Ол жерге кіру оңайға соққан жоқ. Бастапқыда ақпарат беруден бастартып, кейіннен сайлау учаскесін көрсетуге келісім берді.

Кітапхана сайлаушыларды қабылдауға әлі толығымен дайын емес. Алайда ертең барлығы әзір болатынын айтты.

 «№111 сайлау учаскесіне 2657 адам тіркелген. 12 адам үйден дауыс беретін болады», - деді №111 сайлау учаскесінің төрайымы Жанна Тауекелова.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: