Астанадағы сауда орталықтарында алаяқтардан қорғану жолдары түсіндірілуде

20 Ақпан, 02:37 416

Астананың сауда ойын-сауық орталықтарында алаяқтыққа қарсы киберқылмыстардың алдын алу шаралары өтуде. Шараны елордалық Полиция департаменті ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Полицейлер еріктілерді тарта отырып, алаяқтардан сақтандыратын кітапшаларды тарату арқылы тұрғындар мен қала қонақтарына түсіндіру жүргізіп жатыр.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 5 алаяқтық схема, сондай-ақ бұрын жасалған 10 қылмыс ашылды. Алдын алу мақсатында ескерту материалдарын жаппай тарату ұйымдастырылды. Қала көшелерінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Науқанға волонтерлар, блогерлер, БАҚ өкілдері мен танымал тұлғалар жұмылдырылды, - деді киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Талғат Бөлегенов.

Өз сөзінде полиция өкілі алаяқтық схемалардың жиі кездесетін түрлерін атады. Оның айтуынша, ең көп кездесетіндер: банктердің, құқық қорғау органдарының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ұялы байланыс операторларының қауіпсіздік қызметі мамандарының атынан қоңыраулар. Ғаламтор алаяқтары сондай-ақ WhatsApp мессенджерінің аккаунттарын бұзады, содан кейін жәбірленушінің атынан қарызға ақша беруді өтінетін хабарламалар жібере бастайды. Бұдан өзге OLX.kz, Satu.kz сауда алаңдары арқылы тауар немесе қызмет сататындар алаяқтардың көзіне жиі түседі. Мұнда алаяқтар көбінесе тауар үшін аванстық төлемді аударуды немесе оны жеткізу сілтемесін орындауды сұрайды.

Instagram, TikTok әлеуметтік желілері арқылы тауарларды сату алаяқтардың сүйікті орны екенін атап өткім келеді. Әдетте аккаунттардың жалған нұсқалары ашылады, онда олар тауардың толық құнын төлеуді сұрайды. Алаяқтар жұртты криптовалюта мен бағалы қағаздарға инвестициялауға да жиі тартады, – деп ескертті Талғат Бөлегенов.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: