Астанадағы қорытынды жәрмеңке: қай облыстар өнімдерін ұсынады

24 Қазан, 12:13 470

Астанада 26-27 қазанда ауыл шаруашылығының соңғы қорытынды жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік мәліметінше, Ақмола, Қостанай және Ұлытау облыстарының тауар өндірушілері қатысып, 800 тоннаға жуық экологиялық таза өнім ұсынатын болады.

Ақмола облысы 300 тоннадан астам жаңа өнімдер, оның ішінде ет, сүт, көкөніс және жарма өнімдерін алып келеді. Олардың арасында «Гормолзавод», «Родина», «Макинск құс фабрикасы», «Бижан», «Қазгер құс» сияқты ірі жергілікті өндірушілердің өнімдері де бар.

Қостанай облысы 402 тонна өнім ұсынбақ, оның ішінде 52 тонна ет, 95 тонна көкөніс және 40 тонна ұн бар. Сондай-ақ, республикаға және одан тыс жерлерге танымал кәсіпорындардан сүт және кондитерлік өнімдер жеткізілетін болады. Бұл кәсіпорындар арасында «Милх», «ДЕП», «Баян сұлу», «Бекиров» бар.

Ұлытау облысы 70 тонна көлемінде ет, көкөніс және сүт өнімдерін ұсыну жоспарланып отыр.

Елорда тұрғындары мен қонақтары фермерлерден тікелей өнім сатып алу мүмкіндігінен бөлек, өңірлердің өнерпаздары қатысатын концерттік бағдарламаны да тамашалай алады. Жәрмеңке 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Жәрмеңке Қарқаралы тас жолындағы «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы жерде өтеді. Қонақтар үшін №18, 37, 303 және 323 автобустар арнайы қызмет көрсетеді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: