Астанадағы білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігі қалай қорғалады

Кеше, 19:39 180

Астана қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу және жайлы оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған шаралар жөнінде айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елордада жалпы саны 877 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олардың қатарына мектептер, балабақшалар және колледждер кіреді. Онда 390 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Әділбаевтың айтуынша, барлық оқу орны заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған: автоматтандырылған өрт дабылы, цифрлық бейнебақылау жүйесі және Жедел басқару орталығымен біріктірілген дабыл түймелері орнатылған.

Мектептер мен балабақшалардың кіреберістері турникеттермен жабдықталып, қауіпсіздікті 1-санаттағы лицензиясы бар кәсіби күзет ұйымдары қамтамасыз етуде.

Қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру – біздің басты міндетіміз. Мектептер мен балабақшаларға цифрлық технологияларды енгізу бақылау деңгейін күшейтіп, түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді, – деді Серік Әділбаев.

Ол сөзін жалғай отырып, психологиялық қолдау көрсету және буллингтің алдын алу мәселесін де қозғап өтті.

Балалардың қауіпсіздігі тек физикалық қорғаумен шектелмейді. Психологиялық жайлылық та аса маңызды. Осы бағытта елордада оқушыларды жан-жақты қолдау жүйесі белсенді түрде дамып келеді. Арнайы ашылған «Психологиялық қолдау орталығында» балалар мен ата-аналарға 600-ден астам кеңес берілген. Сонымен қатар, қосымша 200 педагог-психологтың штаттық бірлігі бөлініп, «тәуекел тобындағы» жасөспірімдермен жеке жоспар бойынша жұмыс жүргізілуде, - деп атап өтті.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда ювеналды полицияның есебінде 193 жасөспірім, ал мектепішілік бақылауда 785 оқушы тіркелген.

Буллингтің алдын алу – жұмыстың маңызды бағытының бірі. 2024 жылы 107 мың оқушыға буллингті анықтауға бағытталған арнайы тестілеу өткізілді. 2025 жылдан бастап бұл тест қала мектептерінде міндетті түрде енгізіледі. Сонымен қатар бес мектепте антибуллингтік бағдарлама іске қосылды. Бағдарлама аясында мұғалімдерге арналған тренингтер, тақырыптық кезекшіліктер мен оқушылармен жеке жұмыс ұйымдастырылған, - дейді ол.

Серік Әділбаевтың айтуынша, қалалық прокуратурамен бірлесіп, қиын жағдайдағы отбасылардың тұрмыс жағдайын тексеру мақсатында рейдтер ұйымдастырылды. Оның аясында 3673 отбасына тексеру жүргізіліп, 42 отбасына нақты көмек көрсетілді.

Асқар Таудай
Бөлісу: