19 Қазан 2016, 05:16
Бүгін елордада Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ресми ашылу салтанаты өтті.
11-метрлік монумент Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан. Мүсіндік композицияның биіктігі – 6 метр, ал гранит тұғырдың биіктігі – 4,5 метрді құрайды. Ескерткішті дайындаған және орнатқан «BI-GRUP» компаниясы бұл жобаға 120 млн теңге қаражат жұмсаған. Мүсіндік композицияны белгілі мүсінші Асқар Нартов бір жыл ішінде жасап шыққан.
Ермек Аманшаев:
— Бүгін қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мәңгілік ету үшін осы монументті ашып отырмыз. Оның есімі өскелең ұрпақтың жадында ерліктің символы ретінде сақталуы керек, сол себепті Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында елордада аты аңызға айналған батырымызға арнап ескерткіш орнатылды.
Салтанатты шараға Рақымжан Қошқарбаевтың ұрпағы, батыр туралы жазылған кітаптың авторы — Қасым Аппасұлы қатысты.
Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылы қазақ жауынгері ресейлік Григорий Булатовпен бірге Қызыл әскер құрамында бірінші болып Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен. Осы ерлікті жасаған кезде ол небәрі 21 жаста болған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа қайтыс болғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Алмас САУДАМБАЙ
Фотограф — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ