Астанада халықаралық кітапханашылар конгресі басталды

15 Қыркүйек 2016, 11:38

Конгресстің мақсаты мен міндеті – кітапханаларды дамыту мәселелеріне қоғам назарын аудару

Астанада Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай «Әлем. XXI ғасыр. Оқу арқылы рухани үндестік пен мәдениетке» тақырыбында халықаралық кітапханашылар конгресі өтіп жатыр. Ауқымды шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР Ұлттық кітапханасы ұйымдастырып отыр.

Конгресс аясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шетелдік делегаттарды халықаралық конгреске қатысқаны үшін Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады.

«Конгресстің мақсаты мен міндеті – қоғам назарын кітапханаларды дамыту мәселелеріне, мәдениеттің маңызды элементі ретіндегі кітап оқуға аудару, электронды ақпараттық ресурстарды қалыптастыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу және оны ақпараттық-кітапханалық мекемелерде пайдалану» дейді ұйымдастырушылар.

«Халықаралық Кітапханашылар конгресінің өткізілуі кітапханалар арасындағы мәдени, ғылыми және білімдік байланыстарды нығайту жолында ерекше маңызға ие екендігін атап өткен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева жетекші кітапханалардың электронды ресурстар бірлестігі туралы да айтып өтті.

– Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің индустриалды-инновациялық дамуындағы белсенді серіктесі саналатын кітапханалар мемлекет жүйесіндегі әлеуметтік маңызды нысандарға айналады. Сонымен бірге ақпараттандырылған азаматтық қоғам құруға септесіп келеді. Осы тарапта конгресс жұмысы аясында зағип және нашар көретін азаматтарға қызмет көрсететін кітапханашылар үшін шеберлік сағаттарын өткізгелі отырмыз. «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Хакім Абай даналығы» тақырыптары бойынша дәрістер оқылады» дейді Ү.Мұңалбаева.

Алғаш рет Еуразия кітапханалары ассамблеясының XIX жалпы жиналысы өтеді

Конгресс жұмысына Ресей, Молдова, Беларусия, Грузия, Әзірбайжан, Иран Ислам Республикасы Ұлттық кітапханаларының өкілдері, Еуразия Кітапханалары Ассамблеясының бас директоры Г.А.Райкова, саясат және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, меценаттар, мәдениеттанушылар, баспагерлер, мәдениет, білім және ғылым саласындағы мемлекеттік мекемелердің жетекшілері мен жауапты қызметкерлері және кітапханашылар қатысуда. Әр елден келген қатысушылар мәліметтерге қолжетімділіктің ыңғайлы үлгісімен қамтитын мәдени кластер ретінде кітапханалардың маңызы мен кітапханалық туризм төңірегінде баяндама жасады.

Александр Вислый, Ресей ұлттық кітапханасының директоры:

«Конгресте әріптестермен жолығып, әңгімелесіп, кітапхана қызметіндегі инновациялық жобалар бойынша тәжірибе алмасуда өз ықпалы бар. Қазақстан мен Ресей көп жылдар бойы ынтымақта жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде Қазақстанда алғаш рет Еуразия кітапханалары ассамблеясы мүшелерінің XIX жалпы жиналысын өткізгелі отырмыз. Онда электронды кітапханалардың әлемдік ақпараттық кеңістіктегі орны туралы айтылмақ. Кейінгі жылдары интернеттің қарқынды дамуы салдарынан кітап тиімділігі көп сөз болады. Мұнда ешқандай алып бара жатқан дау болмауы тиіс».

Елена Пинтилей, Молдова ұлттық кітапханасының директоры:

«Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Қазақстан кітапханалары дижитал форматқа көшуі арқылы шалғайдағы оқырмандарға да мүмкіндік беріп отыр. Қазақстанның ұлттық кітапханасының жоғарғы технологиямен жұмыс істеуі біздің елге үлгі дер едім. Кітапхананың бай қоры мені таң қалдырып отыр. Алдағы уақытта міндетті түрде білім, тәжірибе алмасу бағытында келісімге отырғымыз келеді».

Конгресс аясында ҚР ұлттық кітапханасы, Грузия ұлттық кітапханасы мен ТМД елдері ұлттық кітапханаларының басшылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қояды. Қатысушылар конгресс алаңында электронды кітапханаларды дамыту, кітапханаларды тиімді басқарудың тың тәсілдері, сирек кітаптар мен қолжазбаларды реставрациялау, балалар әдебиетін жарыққа шығару сияқты мәселелер төңірегінде пікір алмасады.


Ая ӨМІРТАЙ

Бөлісу: