Астанада көшпелілер өркениеті фестивалі өтуде

5 Шілде 2016, 11:28

Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана

Кешеден бері Астана төрінде «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалі өтуде. Елорда тұрғындары мен қонақтары көшпелілер өркениетімен танысуға мүмкіндік алды. Аталған шара Астанада 9 жыл қатарынан өткізіліп келеді, оған 300 жуық әртіс қатысады. Мұнда өткен заманда киген киімдерді, декорацияларды, қолөнер шеберлерін және шабандоздарды көруге болады.

Фестивальді ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл келушілер назарына жаңа инсталляциялар және ең бастысы – музей ұсынылмақ.

– Биылғы фестивальдің ерекшелігі – бес киіз үйден жасалған көшпелілер музейі. Тағы да бір айта кетерлік жайт, түрлі инсталляциялар орнатылады: түркі халқының басын қосатын бал балдар, көшпелілердің тұрғынжайлары, атрибуттар. Көбі көшпелілер қалай тұрған деп сұрайды. Үйлері қандай болған, киімі. Осының барлығы фестивальде көрсетілген, - дейді «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалінің екінші режиссері Арайлым Қалдыбаева.

 

Сонымен қатар, музейде көшпелі қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің артефактілері, ескерткіштері қойылған. Дәстүрлі тұрғынжай интерьері жасалып, ұлттық костюмнің түр-түрі, әшекейлер, тұрмыстық заттар, қару-жарақтар ұсынылады. Еліміздің мұражайларының қорларынан жиналған экспонаттар келушілерді Орталық Азиядағы көшпелілер өркениетінің әлемімен таныстырады.

 

– Мұнда жыл сайын келіп тұрамыз, Қазақ хандығы заманындағы батырлардың рөлдерін сомдаймыз. Мысалы, мен ата-бабаларымыз киген киімге ұқсайтын батырдың костюмін киіп тұрмын. Оның салмағы 27 кг, – дейді Алматы қаласы «Арлан» театрының актері Алмас Калиуллин.

 

Тамара Кәпқызы, қолөнерші:

Бүгінгі «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты фестивальге біз Алматы қаласынан келіп отырмыз. Қазақ халқының қолданбалы өнері – киізден сырмақ сыру өнері қалай жүзеге асатынын іс-жүзінде көрсету мақсатында келдім. Сырмақ деп аты айтып тұрғандай киізді сырып тігу деген мағынаны білдіреді. Бұл – атадан балаға мирас болған дәстүрлі өнер. Әжеміз тікті, анамыз тікті, осыны көріп өсстік, жастай көзіміз қанық, қолымыз бейім болды. Жалғастырып тігіп келе жатырмыз. Аталмыш көшпенділер өркениетін насихаттайтын фестивальге екі келінм, екі сіңілім де келіп отыр. Ши тоқу, кесте тігу, терме өнерін алып келдік. Ешқандай жат емес, өзіміздің дстүріміз. Бұл – әуелі өскелең ұрпақ үшін мұра. Шара барысында шеберлік сыныптар ұйымдасытырып, жиналған қауымға киіз басу өнерін көрсетпекпіз. Мәселен, кеше киіз бастық, бүгін бояймыз, оны сыру проецессін көрсетеміз. Әрі жылы, әрі таза, экологиялық таза өнім. Ата-бабаларымыз ішкен асын, киген киімін, тіпті тұрмыста қолданған заттарын мал өнімінен алған ғой. Таза киіз буын ауруынан сақтайды. Рахит болған балаларға өте пайдалы.

 

Бұлбұл Кәпқызы:

Менің тоқып отырғаным терме бау. Терме бауды ата-бабамыз ежелден қойдың жүнін қырқып, оны сабап, иіріп жіп жасаған. Осы жіптен алаша, туырлықтың бауы, үзіктің бауы, басқұр, желбау секілді киіз үйдің ішіне пайдаланылатын әбзел ретінде тоқыған, сәндеген. Бір жағынан берік, сапалы, әрі денсаулыққа пайдалы болса, екінші қырынан әшекей ретінде пайлдаланады.   

 

Көшпелілер өркениетінің орталығы «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығына қарсы алаңда орналасқан және 6 шілдеге дейін ашық болады. Шара барысында келушілер назарына дәстүрлі музыка концерті мен ақындар айтысы, «Ат жалында» атты спорттық шоу, «Алтын сақа» жарысы, «Фольклордағы өмір» этношоуы, көшпелілер циркі ұсынылады, сондай-ақ, кереуен сарай мен халықтық қолданбалы өнер жәрмеңкесін, музыкалық аспаптар көрмесін және т.б. аралауға болады.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттердің авторы Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Бөлісу: