6 Маусым 2016, 09:23
Елордада Радиологтардың еуропалық қауымдастығының ұйымдастыруымен «ESOR Astana Tutorial» жиыны басталды.
Мақсат – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдері жас радиологтарының әлеуметтік мәні бар ауруларды (жүрек пен қантамыр патологиясы, өкпе туберкулезі, қимыл-тірек аппараты және сүт безінің қатерлі ісігі) радиологиялық диагностикалаудың халықаралық стандарттары мен радиациялық қауіпсіздік бойынша білімін арттыру.
«Қазақстан медициналық маман дайындауда мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріп отырған бірден бір ел. Осыдан он жыл бұрын Еуропалық радиологтар мектебі жұмысын бастап, стандартты түрде әлемде өзінің шеберлік сағаттарын өткізе бастады. Бұл мектеп әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді. Әлемнің әр түкпірінен танымал ғалымдарды шақырып, дәрігер мамандарға дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Бұл жергілікті дәрігер мамандардың танымал медицина мамандарымен тығыз жұмыс істеп, байланысуына септігін тигізеді. Ресейде де осындай үрдіс қалыптасқан. Төрт жыл бұрын Қазақстан да Еуропалық радиологтар қауымдастығына мүше болып қабылданған. Содан бері Еуропалық деңгейде Қазақстан осы бағытқа басымдық беріп отыр», - дейді Ресей радиологтары қауымдастығының президенті, профессор Валентин Синицин.
Алдағы екі апта ішінде «ESOR Astana Tutorial 2016» қатысушыларына Греция, Бельгия, Швейцария, Ресей және Қазақстанның радиология саласындағы белгілі мамандары дәріс оқиды. Шетелдік мамандар арасында Радиологтардың еуропалық мектебінің директоры, профессор Николас Гоуртсояннис, Ресей радиологтары қауымдастығының президенті, профессор Валентин Синицин, Қазақстан радиологтары қауымдастығының президенті, профессор Раушан Рақымжанова сынды ғалымдар бар. «ESOR Astana Tutorial» радиологтардың III еуропалық мектебі – Орта Азия елдеріндегі диагностикалау қызметінің дамуына ықпал етуді көздейтін бірден-бір орталық.