24 Қараша 2015, 10:45
Биыл Шұбаркөл тас көмір кен орнының ашылғанына 30 толып отыр. Автор графикалық еңбектерін не себепті кеншілер тақырыбымен байланыстырғанын былайша түсіндірді.
– Бүгінгі көрменің тақырыбын Шұбаркөл кен орынының 30 жылдығына арнағандағы мақсатым – еңбегі елене бермейтін, шахтерлердің ауыр жұмысын жоғары қою, бағалау. Тақырып Шұбаркөлмен байланысты болғандықтан, шығармашылық жұмыстарымды да көмір қарындаштың көмегімен салғанды дұрыс көрдім. Бұл жерде бір символизм бар, шахтерлер біз тұтынатын көмірді өндіреді, біз оны жағып, жылу, энергия аламыз. Суретшілердің жұмысы да немен салынса да көрерменге жылу сыйлауы керек. Яғни автордың жүрегінен туындаған дүние көрерменннің жүрегіне жету керек.
Бақытжан көрермен назарына 12 суретін ұсынды. Кен орнындағы кеншілердің ауыр жұмысы мен көмір өндірісінің тыныс-тіршілігін жеткізген әрбір еңбек өзінше ерекше.
Бақытжан Бұқарбай 2014 жылы «Өмір шеңбері» атты тұңғыш көрмесін өткізген болатын. Автордан былтырғы көрменің ерекшелгі қандай еді деп сұрадық.
– Басты ерекшелігі – тұңғыш көрмемнің өтуі, – дейді автор. – Менің бала кезгі арманым орындалды. Көрмеге қойылған еңбектеріме танымал мықты суретші ағаларымыз өте жақсы баға берді. Бұрын авторлық жұмыстарымды көпшілікке көрсетуге ұялатынмын. Суретші ағалар «Ұялма көрсет» деп жігерлендірді. Бұл – балалық арманның орындалғанының көрінісі болды, екіншіден 12 жыл бойы жиналған шығармашылық еңбегім көпшілік назарына ұсынылды.
Шұбаркөл тас кен орны 1983 жылы ашылған Кен орнын Еуразиялық Топ құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» АҚ игеруде. Күл аз, құнарлылығы аса жоғары көмір сапа жағынан үздік өнім болып табылады. ТМД аумағында экологиялық ең таза көмір ретінде саналады.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Шұбаркөл көмiр» АҚ-ның өндiрiстiк мәселелер жөнiндегi вице-президентi Болат Жакенов: «Шұбаркөл көмiр» өндiрiстiк бiрлестiгi әлемдегi ең сапалы көмiр өндiретiн мекеме болып табылады. Оның бүгiнгi көмiрi күлi 4% ғана, ал жылулығы 5900 ккал/кг бұл кеннiң әлемде баламасы жоқ деуге болады», – дедi.
Автор Орал Таңсықбаев, Нұрлан Әбішев секілді суретші-пейзажисттердің еңбегіне сүйсініп, қуат алатынын айтты. Әрбір өнер туындысына сұранатын тақырып өмірден алынатынын тілге тиек етті.
– Биыл біраз ел-жер араладым, соның арқасында көптеген тақырыптарға қызығушылық оянып, шабыттандым, – дейді ол. – Талай тақырыптарға қалам тартқым келеді, алайда уақытым жетпей жатыр. Әсіресе майлы бояумен салсам деген тамаша идеялар бар.
Бақытжан Бұқарбайдың графикалық жұмыстар көрмесі желтоқсан айының 3-не дейін жалғасады. Көремін деушілер Тәуелсіздік сарайынан тамашалай алады.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ