Астанада Алматы облысының күндері өтеді

6 Қыркүйек 2016, 11:36

Елордаға кім келеді?

9-11 қыркүйекте «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясы аясында Астанаға Алматы облысының делегациясы келеді. Бұл күндері облыстық тауар өндірушілердің ауыл шаруашылық жәрмеңкесі, кітап пен сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, өңір әртістерінің қатысуымен мерекелік концерттер өтеді, спектакльдер қойылады.

Жәрмеңкеде елорда тұрғындарына жалпы көлемі 340 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерінің 38-ден астам түрі ұсынылады. Оның ішінде, ет және ет өнімдері, балық, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері, жұмыртқа, бакалея өнімдері және т.б.

Жәрмеңке 10-11 қыркүйекте Оқушылар сарайының жанындағы алаңда өтеді. Тауарлар қаладағы бөлшек сауда бағаларынан 15-20 пайызға төмен сатылады.

Бұдан басқа, Алматы облысының өкілдері елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына мәдени бағдарламаларын ұсынады.

9 қыркүйекте ҚР Ұлттық кітапханасында сағат 10-нан 18-ге дейін Алматы облысының ақындары мен жазушыларының «Жерұйық мекен – Жетісу» атты кітап көрмесі, сондай-ақ, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен музей экспонаттарының, «Алтын адам мекені» көркемсурет галереясы суретшілерінің көрмесі өтеді. Осы күні қала тұрғындары мен қонақтары сағат 18:30 «Жастар» театрында «Керей – Жәнібек» спектаклін тамашалайды.

10 қыркүйекте сағат 17-ден 18-ге дейін Конгресс-холл фойесінде «Талдықорған – кеше, бүгін, ертең» көрмесі көпшілік назарына ұсынылады. Мұнда Талдықорғанның дамуының фототарихымен, қаланың көрікті жерлерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесімен, сондай-ақ Алматы облысында шығарылатын өнімдермен танысуға болады. Сағат 18:30 Конгресс-холл сахнасында Алматы облысы шығармашылық ұжымдарының «Жетісу - жұмақ мекенім» атты гала-концерті өтеді. 


Дереккөз: қала әкімдігінің ресми сайты

Фото: kostanaytany.kz

Бөлісу: