Астанада АҚШ ғалымдарымен кездесу өтті

27 Сәуір 2016, 08:35

Ұлттық музей

Бүгін Ұлттық музейде «National Geographic Қазақстан» журналының жарық көруіне орай Қазақстан және АҚШ ғалымдарының қатысуымен кездесу өтті.   

Кездесуге екі дүркін Пулицер сыйлығының иегері Пол Салопек пен танымал АҚШ ғалымы Александр Моен қатысты.

 

П.Салопек – бүкіл әлемді жеті жыл ішінде жаяу шарлап өтуді мақсат етіп келе жатқан зерттеуші, жиһангез-жазушы. Сол сапары аясында ол қазір Қазақстанға келіп жетті. Ал, А.Моен «Out of Eden Walk», яғни «Эденнен басталған саяхат» немесе «Әлемдік серуен» және «Genography» жобаларына жетекшілік етіп келе жатқан ғалым.

Шараға антропология, археология саласындағы белгілі қазақстандық ғалымдар, жазушылар қатысты.

 

«National Geographic Қазақстан» журналының жарық көруіне Елбасының өзі көңіл аударып, жоғары баға берген болатын. Сондықтан да осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс білдіргім келеді. Әлем бойынша 700 млн аудиториясы бар бұл басылым біздің елімізді жаһанға танытып қана қоймай, туристердің қызығушылығын да оятады деп ойлаймын. Сол себепті де біз екіжақты әріптестік орнатып, әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз»,– деді Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай.

Екі дүркін Пулитцер сыйлығының иегері, белгілі жиһанкез Пол Салопек Ұлттық музейдегі адамзат тарихының құнды жәдігері болып табылатын сирек экспонаттардың сақталу, насихатталу жұмыстарына жоғары баға берді.

«Ұлттық музейдің залдарын аралай келе, үлкен әсер алып шықтық. Мемлекет барлық жағдайды жасап отыр екен. Бұл құптарлық саясат деп ойлаймын. Мен қазіргі уақытта «Әлемдік серуен» жобасы аясында жүз мың жыл бұрын ата-бабаларымның табаны тиген жолдармен жүріп келемін. Саяхатымды 2013 жылы қаңтар айында Эфиопия елінен бастадым. Осы жолда кездескен адамдардан естіп-білген әңгімелерді жазып, кейін оның бәрін ғылыми еңбек үшін пайдаланамын, – деді П.Салопек.

Жиһанкез Пол Салопек сапарын еліміздің өзге де аймақтарында жалғастырып, жергілікті халықпен тілдесуге көп блгісі келетінін айтты. Ол әсіресе балалармен жүздесіп, оларды әңгіме тартқанды ұнататынын айтты. Қазақстанда екі айға жуық аялдайтын жиһанкез сапар барысында көрген-білгенін адамдармен бөлісіп, әңгімелеп айтатынын тілге тиек етті. Ол көп жағдайда журналистер белгілі бір елдің мәдениеті, тұрмыс-тіршілігін жазу үшін әрі кетсе екі апта жүріп жазатынын алға тартты. «Мен үшін екі апта аз, тіпті екі айдың өзі азшылық етеді. Сол себепті мен көбірек ауыл аймақтарды аралап, халқымен тілдескенді ұнатамын. Қазақстан өте қонақжай ел екен», – дейді ол. Саяхатшы ғалым алдағы уақытта осы сапарында көргендерін «National Geographic Қазақстан» журналына жариялайтын болады.

Ал, «National Geographic» қоғамдық зерттеу бағдарламалары вице-президенті Александер Моен Ұлттық музей көрсеткен қолдауларға алғыс айта келе, «National Geographic» журналының атқарып келе жатқан басты миссиясына тоқталып өтті.

«Арнайы экскурсияның нәтижесінде Қазақ елінің терең тарихымен, бай мәдениетімен кеңінен танысып, ерекше әсер алып шықтық. «National Geographic» журналының басты міндеті жазушылардың, ғалымдардың жұмыстарын жариялау арқылы қоршаған ортаны тану және оны қорғау. Қазақстан тарапы бізбен бірігіп, әріптестік орнатып жатқанына қуаныштымыз. Орталық Азияда әлі де болса айтылмай жатқан дүниелер жетерлік. Алдағы уақытта осы жұмыстарды атқару үшін үлкен мақсаттар қойып отырмыз», - деді А.Моен.

Александер Моен сонымен қатар қазақ халқының күмістен жасалған зергерлік бұйымдарына, әшекейлеріне қатты қызыққанын айтты.

«National Geographic» – әлемдегі ең беделді қоғамдық ұйымдардың бірі. Негізі ХІХ ғасырда қаланған ұйымның меншігіне бірқатар телеарна, журнал, баспа үйлері кіреді. «National Geographic-тің» бүгінде 700 миллион аудиториясы бар. 128 жылда қоғамдық ұйым 11 000 грант бөліп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Басылым бетіндегі мақалалар шынайы әрі түбегейлі ғылыми зерттеулерге негізделген. Бүгінде дүниежүзі бойынша журнал әлемнің 38 тілінде шығарылып, 80-нен астам елге тарайды. «National Geographic» Орталық Азияда бірінші болып Қазақстанда жарық көргенін айта кеткеніміз жөн. 


Тұмар АСЫЛ

Суреттерді түсірген Ерболат ШАДРАХОВ 

Бөлісу: