25 Шілде 2015, 06:05
Қатысушылардың байқауға тыңғылықты дайындалғаны байқалып тұрды. Көркемсөз оқу шеберлігі номинациясы бойынша ақтөбелік Назерке Бақытжан, Әлібек Сербаев және Ақбота Мұханбетәлі Абай Құнанбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың және Мұхтар Шахановтың өлеңдерін мәнерлеп оқуда алдына жан салмады. Қарағандылық өнерпаз Иван Морданов Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін фортепианода кәсіби дәрежеде орындап шықты.
Қарғалыдан келген Әмірхан Махамбет Дәулеткерейдің «Қосалқасын» тартып, әділ қазының таңданысын тудырды. Ал, Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласынан келген өнерлі ару Данагуль Жамбаева Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әнін орындап, байқаудың көркін арттырды. Қатысушылардың ата-аналары мен көркемдік жетекшілері дарынды өнерпаздарды біріктірген осындай шаралар көп болса екен деген тілектерін білдіріп жатты.
Ольга Коган, ұйымдастырушы комитеттің өкілі:
«Жұлдыздар шеруі» байқауының Бас жүлдесін Қарағандыдан келген Камила Салахутдинова жеңіп алды. Ол фортепианода Шмитцтің «Романтикалық интермеццо» шығармасын орындады. Жетекшісі Галина Куликовская. Бірінші орынға бірден екі адам лайық деп табылды. Олар: домбырашы Әмірхан Махамбет және қарағандылық фортепианошы Иван Морданов. Екінші орынды Щуче қаласының өнер мектебі және «Қарақат» студия-мектебінің тәлімгерлері иемденді. Ал, жүлделі үшінші орын «Әсем» би ансамбліне бұйырды. Сондай-ақ, астаналық «Ақ Орда» хореографиялық ұжымы жеңімпаздармен бірге Түркияға жолдама алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау «Еуразия жұлдызы» Халықаралық жобасындағы 27 байқаудың бірі. Айта кету керек, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтармен қатар, 2015 жылғы 11-18 қазанда Түркия елінде өтетін «Түркия сәні» байқауына жолдамалар беріледі.
Әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова
Сурет - Нұрбек Әлманбетов