Астанада «Шексіздік» атты сурет көрмесі ашылды

24 Қазан 2016, 06:38

Қ. Асқаровтың 70-тен астам көркем туындысы көпшілік назарына ұсынылды.

Астанада танымал суретші Қуат Асқаров Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Шексіздік» атты жеке көрмесін ашты. Қазақ мифологиясындағы бейнелер мен жаратылыс сырларының аллегориялық түсініктемесіне сүйене отырып салынған 70-тен астам көркем туындысы көпшілік назарына ұсынылды.

Суретші дәстүр мен жаңашылдықты классикамен үйлесімді байланыстыра отырып, ұлттық ерекшеліктердің соны үлгілерін іздейді. Қуат Асқаров өз шығармашылығындағы шоқтығы биік туынды деп «Шексіздік» полиптихін атайды.

– Жаныма жақын туынды ретінде «Шексіздік» картинасын атай аламын. Туу, өмір, арпалыс, өлім атты дара ұғымдардың қайталануын шексіздік арқылы бергім келді. Картинаның өн бойындағы пәлсапалық мәнге толы шексіздік идеясы өмірді тануға деген құштарлық. Ішкі толғаныс формасында адамзаттың жан-дүниесін психологиялық тәжірибе арқылы көрсеткім келді. Қазақ халқының рухани мәдениеті, танымы менің тынысымды аша түседі. Балалық шақ естеліктері мен ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігі – менің өмірлік тақырыбым, – дейді суретші.

Автордың туындыларының арасында бүгінгі Қазақстанның жылнамасы болатын «Туған жер» триптихі, көшпенділердің тартысқа толы өмірін көрсететін «Ұршық өмір» полиптихінің алар орны ерекше. Сонымен бірге мәңгілік махаббат тақырыбын жырлайтын «Гаухартас», «Жүрек дүрсілі» картиналары көпшілік көзайымына айналды.

Көрмеде Қазақстан суретшілері Одағының мүшесі Жеңіс Кәкенұлын жолықтырдық. Суретші ұлттық бейнелеу өнері мен қазақ суретшілерінің шығармашылық болмысы туралы публицистикалық мақалалары топтастырылған «Ақ зер» кітабының авторы. Талғампаз суретші бүгінгі «Шексіздік» көрмесі туралы өз ойымен бөлісті.

 – Қуат Асқаров – талантты, еңбекқор суретші. Ол өз картиналарында өмірлік қарым-қатынасты шынайы және фантастикалық контрастпен айшықтайды. Мысалы, «Шексіздік» картинасында үлкен ер-тоқымның астынан ат жүріп келеді. Болмаса үлкен қобыздың маңайында той тойлап жүрген жұрт көрсетілген. Орыс тілді жігіт болса да, қазақ юморын жете түсініп, трагикомедиялық тұсын гротеск тәсілімен бере білген. Оның туындыларынан қазақ даласы тіршілігінің, этнографиясының қанықтығын байқаймыз. Көрмеге қойылған жетпістен астам картина табанды еңбекті, қажырды талап етеді, – дейді Ж. Кәкенұлы.

Атақты өнертанушы Н.И Иванина суретшінің шығармашылығын жоғары бағалай келе, «Қуат Асқаров – кең ауқымды тақырыптардың суретшісі. Ол заманауи өмірді сезіну үшін үнемі жаңа сипатпен толықтырып, ізденісте жүретіндігін байқатады», – деп жазады.

Қуат Асқаровтың туындылары қазақ халқының бай мәдени мұрасын, Отанына деген махаббатын көрсетеді. Ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүр мен жалпыадамзаттық символдарды байланыстыру арқылы архитепикалық образды зерттеп келеді. Композиция шеберлігі мен колорит тепе-теңдігі Қ. Асқаровтың туындыларын нанымды ете түседі. Қуат Әбусағдиұлы 1961 жылы Қарағанды облысы, Теміртау қаласында туған. Жанры – тақырыптық картина.


Ая ӨМІРТАЙ

Бөлісу: