Астанада қол күресінен жарыс өтті

15 Қыркүйек 2015, 10:42

13 қыркүйек күні Астана қаласындағы «Қазақ елі» алаңында, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай құрылған этноауылда «Қол күресінен» жарыс өтті.

13 қыркүйек күні Астана қаласындағы «Қазақ елі» алаңында, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай құрылған этноауылда «Қол күресінен» жарыс өтті. Қатысушылар үш салмақ дәрежесі бойынша іріктелді.

Олардың арасынан Астана қаласының қатысушылары, екі салмақ бойынша жеңімпаз болып танылды. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының қатысушылары өзге облыстардың спортшыларына қарағанда салыстырмалы түрде жақсы нәтижелер көрсетті. Ереже бойынша әр облыстан бір-бір қатысушыдан болды. Жарыс қорытындысы бойынша, 70 келіге дейін салмақта Астана қаласының тұрғыны Муратов жеңімпаз атанды. Алматылық Рахат Айтбаев екінші және Батыс Қазақстан облысынан келген Қайсар Еркінұлы үшінші орын иемденді.  

80 келіге дейін салмақта Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Алексей Батталов бірінші орын алса, алматылық Фоменко мен Батыс қазақстандық Дастан Мырзағалев сәйкесінше екінші, үшінші орындарға жайғасты.

Ауыр салмақтағы, яғни салмағы 80 келіден асатын қатысушылар арасында өткен қол күресінде астаналық Игорь Кузьмин Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Рысдаулет Мырзағалиевті жеңіп, бірінші орын алды. Ал, үшінші орын алматылық Руслан Реннетке бұйырды.  

«Бұл Кузьмин - Азия чемпионы, ел ішіндегі көптеген жарыстардың жеңімпазы», деп атап өтті ұлттық дәрежедегі төреші Даулет Хамзин.

Бұдан кейін ләңгі тебуден облыстар арасында командалық жарыс өтті. Бірінші орын 165 ұпай жинаған Астана командасына, екінші орын 78 ұпаймен Алматы қаласына бұйырды, ал үшінші орынға 50 ұпай жинаған Солтүстік Қазақстан жайғасты.

Жеңімпаздар арнайы медальдармен марапатталды.

Қосымша ақпарат:

Қол күресі - ежелден келе жатқан ұлттық спорт түрі. Оның әлем елдерінде де өзіндік атауы мен ережесі бар. Қол күресі "армспорт" деген атаумен дүниежүзінде танымал. Ереже бойынша, үстелдің шетіне қарама–қарсы екі ойыншы оң қолдарының шынтағын столға тіреп қояды да, бірінің қолын бірі алақандастыра мықтап ұстайды. Сол қолымен үстелдің сол жағына бекітілген тұтқаны мықтап ұстайды. Осылайша, ұстасқан екі ойыншы төрешінің белгісімен, шынтақтарын тұрған орнынан қозғамай, қарсыласының тіреулі қолын жығуға ұмтылады. Білегі жығылған ойыншы жеңіліп ойыннан шығады. Бұл спорт ер жігіттердің білек бұлшық етін жаттықтырады. Қол күресі олимпиада ойындарына кірмесе де, әлем бойынша кең таралған спорт түрі болып табылады. Бұл спорт түріне ауыр атлетикамен айналысып, штанга көтеретін спортшылар бейім болып келеді.

Дария Жұмалиева

Бөлісу: