Астанада «Нұр отан» партиясының кезектен тыс XVII съезі өтті

29 Қаңтар 2016, 10:45

«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезі өтті.

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс XVII съезі өтті.

Съезге екі мыңнан аса адам қатысты. Олардың ішінде республиканың барлық өңірлеріндегі конференцияларда сайланған делегаттар, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтердің басшылары, білім, ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлері, қоғам, дипломатиялық корпус, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері бар. 

Съезде негізгі баяндаманы Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев жасады.

«Бүгінде бүкіл әлем дамудың күрделі және қарама-қайшы кезеңін бастан кешіріп жатыр. Біріншіден, жаһандық экономикада құрылымдық өзгерістер орын алып отыр. Бұл жаһандық өндіріске ықпал етіп, әлемдік еңбек бөлінісінің жаңа шегі қалыптасып жатыр. Геосаяси цикл аяталуға жақын. Таң қаларлықтай ештеңе болып жатқан жоқ. Тарихты еске түсірейік. Оңтүстік-шығыста дағдарыс 1997 жылы басталып, 1998 жылы бүкіл әлем Азия дағдарысының салдарынан зардап шекті. 1998 жылы мұнай баррелінің бағасы 8,5 доллар болды. Одан кейінгі онжылдықта мұнай бағасы 130 долларға дейін өсті. Осыдан кейінгі онжылдықта мұнай құны қайта құлдырай бастады», – деді Президент.

 

Елбасы съез барысында бай адамдарды, бизнесмендерді шетелдегі ақшасын елге әкеліп, Қазақстан экономикасын дамытуға жұмсауға шақырды.

 

«Мен отандық бизнесмендерді қаражатын өз еліміздің игілігіне жұмсауға шақырамын. Байлық та, бақыт та, өмір де – өз еліңде. Сырттан бақыт іздегеннің, қанша жерден миллиардер болса да, шынайы бақытты болғанын көрген жоқпын. Қызықтың барлығы да өз еліңде, өз бала-шағаңның жанында. Елің саған барлық жағдайды жасап берді. Бизнесіңді қолдады, қалтаңды ақшаға толтырдың. Қазақстанда таптың осының бәрін, енді оны шетелде тықпай, күнде «қашан ұстап алар екен мені» деп түнде шошып оянудың қажеті қанша. Соның бәрін алып келсін деп заңдастыруды қолға алып отырмыз ғой. Алып келіңдер де салыңдар, ешкім қудаламайды. Жекешелендіру аясында бір-бір үлкен объектіні сатып алыңдар да, содан табыс тауып, тыныш отырыңдар, халыққа жұмыс беріп, ел экономикасын көтересіңдер», - деді Елбасы сөзін сабақтап.

 

Президент көптеген бай адамдарды, миллиардерлер, миллионерлерді Қазақстан сол дәрежеге жеткізгенін айта келе, суреттерде Форбста жарияланатын миллиардерлердің  ақшасын Отанымызға жұмсау керектігін тілге тиек етті.

Елбасының айтуынша, соңғы жарты жылда біз мұнай баррелінің бағасы 30 доллар жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет басшысының пікірінше еліміздің жинаған жалпыұлттық қоры таусылып, қаржылық жүйе күйрейтін еді. Өндірістер жабылып, шағын кәсіпорындар банкротқа ұшырайды, жұмыссыздық артып, инфляция деңгейі бірден көтерілер еді.

«Валютамызды күшпен ұстап тұрсақ, осындай жағдайға душар болар едік. Қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсарар ма еді? Жоқ», - деді Елбасы. Айта кетейік, 2015 жылдың тамызында Қазақстанда валюталық дәліз жойылып, теңгенің еркін айналымы режимі енгізілген болатын.

 

«Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан партияның кезектен тыс XVII съезінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. Олардың қатарында бесінші шақырылымдағы Парламент депутаттары, бірқатар облыстың әкімдері, министрлер, вице-министрлер, қоғам қайраткерлері бар. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде танымал спортшылар – Геннадий Головкин, Илья Ильин, Серік Сәпиев, әншілер – Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалова бар.

«Құрметті делегаттар, еліміздің дүниежүзілік қауымдастық қатарына беделді мүше болып енуі тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі таңда жеткен ең үлкен жетістігі деп білемін. Мұндай нәтижеге Елбасымыз атқарған жұмыстың арқасында жеттік. Түрлі қиындықтарға төтеп бере алған еңселі еліміз Мемлекет басшысының ұсынысымен Ұлт жоспарын, 5 институционалды реформаны жүзеге асыра бастады», - деді Асқар Мырзахметов.

 

«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVII съезінде партияның «Қазақстан – 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Аталған құжат бес институционалдық реформа шеңберіндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі бағыттары ескеріле отырып әзірленген.

 

 

Бөлісу: