30 Қыркүйек 2015, 12:10
Биылғы көрменің ерекшелігі – көрмеге алғаш рет продакшн компаниялар мен студиялар да қатысуда. Телеарналарды отандық өнімдермен қамтамасыз етуге атсалысып жүрген «Көркем фильм» және «VideoArt» секілді продакшн компаниялар келген.
Көрмені Инвестициялар және даму министрлігі мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы
Өмір деген зулап өтіп жатыр. Уақыт өзгерісі бірінші кезекте БАҚ саласына әсер етпеуі мүмкін емес. Жыл сайын жаңа технологиялар өмірге келіп, ғаламдану кезеңі іске асуда. Заман өзгерісі БАҚ саласына қаншалықты әсер етуде, біз қаншалықты заман ағысына ілесе алып жатырмыз? Көрменің мақсаты сол. Биылғы көрменің жаңалығы – продакшн компаниялардың қатысуында. Олардың жаңа жобаларын халыққа таныстырып, продакшн студиялар бір-бірінің жұмысымен таныссын деген ой болды.
Вячеслав ЛАЗАРЕВ, «VideoArt» продакшн компаниясының директоры
Біз медиа нарықта 15 жылдай жұмыс істеп келеміз. «Kazakh TV» арнасының тапсырысына орай 100-ден аса табиғат пен онда мекендейтін жан-жануарлар туралы фильмдер түсірдік. Көрермендерге Қазақстаннның бай және әдемі табиғатын көрсету үшін экспедициялар ұйымдастырып, фильмдер жасадық. Мақсат – табиғаты көрікті Қазақстанның қойнауы тарихқа бай әдемі жерлері мен жойылып бара жатқан аңдарын зерттеп, олардың тіршілігін көрсету. Аң-құсты тек қана хайуанттар бағынан емес нағыз мекені – табиғат аясынан көру керектігін түсіндіргіміз келеді. Осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан, Марқкөль, Тарбағатай, Саржас, Алматы таулары, Іле Алатау мемлекеттік қорығы, Көлсай секілді жерлерді зерттедік.
Мирболат АЮПОВ, «ҚазМедиа Орталығы» компаниясының бас директоры
«Қазмедиа Орталығы» «Media Expo 2015» көрмесінің стратегиялық əріптесі болды жəне біз оған өте қуаныштымыз. Көрменің «ҚазМедиа Орталығында» өтуі – перспективаға жол ашып отыр, көрменің осы ғимаратта өтуі дəстүрге айналды десек болады. Шараның тағы бір маңызды тұсы – бүгін телеарналар өзара тəжірибе алмасып, өзге де БАҚ өкілдері жаңалықтарын жария етіп жатыр. Көрме жұмысы жемісті болсын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге 20-дан астам БАҚ және медиа саласының майталмандары қатысуда. Олардың арасында «Хабар», «Қазақстан», «Қазконтент», «Мир» секілді ірі медикомпаниялармен қатар, «ҚазАқпарат», «Айқын», «Литер», «Егемен Қазақстан», «Айғақ», «Қазақстан Заман», «Қазақ газеттері» және т.б газет-сайттары бар.
Көрмеге сондай-ақ «Қазконтент» АҚ да қатысып, өз таныстырылымын жасады. «Қазконтент» АҚ – Қазақстанның интернет және медиа саласындағы негізгі компаниялардың бірі. Компания 2009 жылы құрылған. Бүгінде «Қазконтент» АҚ еліміздегі ақпараттық кеңістіктің белсенді бөлігі бола отырып, 8 интернет-жобаны жүзеге асырып келеді. Интернет-жобалардың 4-ақпараттық, 4-тақырыптық. Компанияның миссиясы – ұлттық контент (мазмұн) жасау және интернет желісінің қазақстандық бөлігін дамыту. Компанияның барлық жобасы еліміздегі интернет пайдаланушыларға ең жылдам, әрі анық ақпарат беруді қамтамасыз ету үшін құрылған.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ