Астанада «Кітапханадағы түн» акциясы өтті

8 Шілде 2015, 07:24

Ұлттық академиялық кітапханада «Кітапханадағы түн» акциясы өтті.

Астана күні мерекесіне орай Ұлттық академиялық кітапхана «Рухы биік Астана!» тақырыбымен «Кітапханадағы түн» әлеуметтік-мәдени акциясын өткізді. Кітап сүйер қауымды жинаған қызықты да думанды шараның тағылымдық мәні зор болды.

Кітапхана мамандарының айтуынша, акцияның мақсаты – оқуға қолдау көрсету, қонақтар мен қатысушыларды кітапхана қорларымен және қызметімен таныстыру, Қазақстандық кітапхана ісін және оқу ісін ілгерілету.

Акцияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Кітапхана және мұражайлар басқармасының бастығы Е. А. Рахымов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім, жазушы, драматург, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Роза Мұқанова, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Толымбек Әбдірайым, ҚР Қарулы күштер ардагері, 19 өлеңдер жинағының авторы В. И. Петров, елордалық зиялы қауым өкілдері, оқырмандар, елорда тұрғындары және қала қонақтары қатысты. Акцияны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры Ү. Мұналбаева құттықтау сөзімен ашты.

 

«Кітапханадағы түн» бағдарламасы аясында «ЕХРО – 2017» көрмесінің мобильді нұсқасы көрсетілегн «Алаш тәжі – Астана» кітап көрмесі өтті. Белгілі суретші Алмас Сырғабаевтың «Астана бояулары» сурет көрмесі, «Астана – гүл қала» гүлдер көрмесі, кітап жәрмеңкесі, «Құнды тарту» кітап сыйлау акциясы және «Әр түрлі елдердің кітап әлеміне таңғажайып саяхат» атты әдеби-музыкалық достық көпірі ұйымдастырылды.

 

Қонақтар «QR-код мобильді кітапханасы» қабырғасымен қызыға танысып, мобильді құрылғылары арқылы өздеріне ұнаған шығармалардың электронды нұсқаларын ақысыз негізде көшіріп алу мүмкіндігіне ие болды. Ал білімге құштар жандарға сан алуан көлемді кітаптардан «KitapFEST» көрмесі және әдеби викторина ұйымдастырылды. Акция аясында мультимедиялық зал және мемлекеттік қызметкерлерге арналған зал ашылды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, сазгер әрі әнші Жалғас Кеңесовтің «Астана – әсем ән қала» атты шығармашылық кеші  кітапхана қонақтарының жүрегінде қалды. Өнер сахнасында 30 жылдан астам қолтаңбасын қалдырып келе жатқан сазгердің әндерін бүгінде көптеген танмал әншілер орындап жүр. Кеште автордың Астана туралы әндері мен өлеңдері шырқалды. Сазгер Жалғас Кеңесов көрермендер сұрағына да жауап берді. 

Ал жырсүйер қауым үшін «Пегас» әдеби клубы «В свободном полёте» тақырыбы бойынша оқырмандар арасында музыкалық-поэтикалық кездесу ұйымдастырды. Астаналық жас ақындардың қатысуымен «Шабытым менің – Астана!» атты поэзиялық фреш әзірленді. Сондай-ақ сол түні «Кітап кафетерийі» жұмыс істеді.

Акцияны ұйымдастырушылар кітапхана қонақтары мен жас оқырмандарды да назардан тыс қалдырмады. «Астана балалар көзімен» деп аталған  бағдарламада балалар ән айтып, би билеп, сурет салды.

Кітапханада – Құран Кәрім апталығы

Осы күні Ұлттық академиялық кітапханада Астанадағы Құран Апталығы ашылды. Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Мәдени Өкілдігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы ұжымының ұйытқы болуымен өткен шара қасиетті Рамазан айының құрметіне орайластырылды.

Қасиетті Рамазан айында Қазақстан қалаларында Құран Апталығын өткізу игі дәстүрге айналып келеді. Аталған шара биыл Астана күнімен, Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың туған күнімен және Астана күніне байланысты «Рухы биік Астана!» тақырыбымен өткізіліп жатқан әлеуметтік-мәдени акциямен тұспа-тұс келді.

Көрмеде елордамыздың тұрғындары мен қонақтары шығыс шеберлерінің таңғажайып туындыларын тамашалап, рухани қуат алды. Осы жазға жұртшылық назарына Иран каллиграфистер қауымдастығы мүшесі, Джаванкар Фумани шебердің және қыш қаптап, сырлап әшекейлеу шебері Саида Бехзад Раштианның жұмыстары, сондай-ақ Мәдени орталықтың бұйымдары ұсынылды.

  

Көрменің ашылуынан кейін қонақтарға арнайы шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Үшінші қабаттағы залда киносүйер қауымға «Цвет Бога», «Морской шелковый путь» атты иран фильмдерін тамашалауға мүмкіндік берілді.

Иранның Мәдени Өкілдігі Қазақстан аумағында 17 жыл бұрын өз қызметін бастаған болатын. Осы кезеңде мемлекеттік органдармен, атап айтқанда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен, ҚР МСМ Дін істері жөніндегі комитетпен, сондай-ақ Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасымен, мешіттермен, Қазақстан халқы Ассамблеясымен, ЖОО-мен, кітапханалармен, музейлермен, ғылыми институттармен, қоғамдық бірлестіктермен және басқа да мекемелермен, сондай-ақ Шетел мемлекеттерінің Қазақстандағы Мәдени орталықтарымен тығыз әрі жемісті ынтымақтастық орнатты. Жоғарыда аталған мемлекеттік құрылымдармен көптеген ғылыми-мәдени іс-шаралар өткізіліп, парсы тілі курстары ұйымдастырылуда.

«Кітапханадағы түн» әлеуметтік-мәдени акциясы аясында барлығы 30-ға жуық іс-шара ұйымдастырылды. Ғажайыпқа толы тағылымды түнде  кітапхана қонақтары танымдық ақпараттармен танысып, күтпеген  сыйлықтар мен тосын сыйларға ие болды. Көрме 2015 жылғы 11 шілдеге дейін жұмыс істейді.


 Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

Бөлісу: