Астанада «Қазақстанның үздік тауары» көрмесі өтті

23 Қыркүйек 2016, 11:51

Ұсынылған өнімдердің бірі – астаналық мамандар ойлап тапқан VibroLUNG виброакустикалық құралы.

Астанада өңірлік кезең шеңберінде «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтті. Байқауға Астанада өндірілетін авиакомпаниялардың өнімдері мен әр түрлі медициналық, электрондық құралдар ұсынылды. Бұдан бөлек қоқыс қораптары, зергерлік бұйымдар, жиһаз сияқты отандық өнімдер де байқаудан тыс қалған жоқ.

Жол мен қауіпсіздік белгілерін шығаратын «Тенгиз+» ЖШС көрмеге биыл да қатысып отыр. Жылына 30-40 мың белгі Қазақстан жолдарында орнатылады.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов:

«Көрмеге тұңғыш рет қатысып отырған «Alab Industries» ЖШС ұшып-қону жолағын өңдеуге арналған өнімдер шығаратын еліміздегі жалғыз өнеркәсіп. Компания жақында ғана ашылған, бірақ жетістіктері көп. Өнімдері АҚШ пен Канада зертханаларында зерттеліп, аккредитация мен сертификациялаудан өткен. Нәтижесінде дүниежүзіндегі 30 үздік компания қатарына  енген».

Көрме-байқаудағы қызық өнімдердің бірі – астаналық мамандар ойлап тапқан VibroLUNG виброакустикалық құралы. Тыныс жолы ағзаларын емдеуге арналған физиотерапиялық құралдар алдағы уақытта еліміздегі профилактика-емдеу мекемелерін құрал-жабдықтарымен қамтымақ.

Азық-түлік өнімдері қатарынан «Полезный продукт» ЖШС нарыққа инфрақызыл кептіру тәсілімен (қуырмай) дайындалған алма қағын ұсынып отыр. Қуырмай кептірілген алманың құнарлы дәрумендері ұзақ сақталады. Сарапшылардың айтуынша, отандық өнім импорттық тәттілерді алмастыруы әбден мүмкін.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының басты мақсаты – отандық өнімнің сапасын арттыру, халық назарын аудару арқылы бизнесті жандандыру», - дейді кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов.

 Сарапшылар комиссиясы «Өндірістік мақсаттағы үздік өнімдері», «Үздік азық-түлік өнімдері», «Халықа арналған үздік өнімдері» үш номинация бойынша жеңімпаздарды белгіледі. Атап айтсақ, «Столичная стеклопакетная компания» ЖШС бірінші орын, «Alab Industries» ЖШС екінші орын алса, «Спецэлектра» ЖШС үшінші орынға ие болды. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары жыл соңында өтетін «Қазақстан үздік тауары» көрме-байқауының республикалық кезеңіне жолдама алды.

Естеріңізге сала кетсек, президент жарлығы бойынша «Атамекен» ҰКП және оның филиалдары 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын ұйымдастырып келеді.


Ая ӨМІРТАЙ

Бөлісу: