Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көрме ашылды

30 Маусым 2015, 04:47

Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Тарихқа тағзым» атты көрме ашылды.

Биыл Қазақстан айтулы тарихи оқиғаларды тойлау үстінде. Кеше ғана елорданың басты алаңында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай әскери парад өткізіліп, жойқын соғыста ел қорғаған батыр ата-әжелеріміздің ерліктері еске алынса, 1 мамыр күні дәл сол алаңда «Ел бірлігі күні» атап өтілді. Бейбіт елде тұратын 130-дан астам ұлт пен ұлыс татулықты тұғыр еткен елдің ғана болашағы жарқын болатынын бүкіл әлемге тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Ендігі кезек, құрылғанына 550 жыл толған Қазақ хандығында.

Қазақ біртұтас ел ретінде еншісін алып, бөлек мемлекет құрғалы 550 жыл өтсе, биыл сол 550 жыл ішіндегі оқиғаларға тарихи тұрғыдан баға беріліп, қорытынды жасалатын жыл. Іргетасы 550 жыл бұрын қаланған «Мәңгілік елдің» төрт құбыласын түгендейтін жыл. Елбасы айтқандай, бұл той тойлайтын емес, ой ойлайтын жыл. Сондықтан, бүгінгі зиялы қауым Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын мән-мағыналы шаралармен атап өтуді жөн көріп отыр. Соның бір айғағы кеше Тәуелсіздік сарайында салтанатты ашылуы болған «Тарихқа тағзым» атты көрме.

Көрме Қазақ хандығының 550 жылдығына және ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналғандықтан, оған қойылған жұмыстар да қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, Қазақстанның сұлу табиғаты тақырыптарын қамтыды. Олардың авторлары – Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, Қазақстанның мәдениет қайраткерлері – Жанұзақ Мүсәпір және Мақсат Бексұлтан.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде депутат Омархан Өксікбаев, журналист Сауытбек Әбдірахманов, қылқалам шеберлері Ерлан Айтуаров пен Ермек Асылхановтар құттықтау сөз сөйледі.

Көрме залының нақ төрінде Мақсат Бексұлтанның «Аңырақай шайқасы» картинасы орнатылған. Аңырақай шайқасы (1729 ж., кей деректерде 1730 ж.) — біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Аңырақай шайқасындағы жеңіс жоңғар соғысында бетбұрыс жасаған, қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекіткен елеулі оқиға. Суретте екі жақ әскерінің аяусыз шайқасы бейнеленген. Картина 1994 – 2015 жылдар аралығында салынған.

Көрме залының портреттер бөлімінде Жанұзақ Мүсәпірдің «Балуан Шолақ» картинасы бар. Автордың айтуынша, ол бұл бейнені халық ақыны, әнші әрі композитор Балуан Шолақтың немересінің келбетіне, түр-сұлбасына қарап салған. Айта кету керек, бұл картина атақты палуанды майлы бояумен бейнелеп салған алғашқы портрет.

Көрме 28 мамырдан 28 маусым аралығында жұмыс істейді. 


Әзірлеген: Қаламқас НҰРМАҚОВА

Суреттер авторы: Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу: