25 Ақпан 2015, 06:30
Астанада Қазақ хандығына, хандық кезеңдегі батырларға байланысты көшелер жеткілікті ме? Жақында Астана қалалық мәслихатының отырысында ономастикалық комиссия Астана қаласында 15 көшенің атын өзгерту туралы шешім шығарды. Ел үшін, мемлекет үшін қызмет еткен, мәдениет пен өнерде, ғылым мен әдебиетте үлкен жұмыс атқарған тұлғалардың есімі көшелерге беріледі.
Ал, биыл Қазақ Хандығының 550 жылдығы. Астанада Абылай хан, Кенесары атты көшелер бар. Қабанбай мен Бөгенбай даңғылдары даңқты батырларға берілген. Қазақ Хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керейге бір көше берілген. Басқа хандар ше? Басқа батырлар ше? Міне осы сұрақтарға Астана әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов жауап беруге тырысыпты. Оның айтуынша, Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан атындағы көшелер ЭКСПО аумағында пайда болуы мүмкін.
– Астанада Қазақ хандығының тарихына қатысты қандай көше бар десек, алдымен Керей және Жәнібек хандар атындағы көше, Абылай хан даңғылы мен Кенесары хан атындағы көше ауызға оралады. Халық көбіне «неге Керей мен Жәнібек ханға жеке-жеке бір көше берілмеген?» деген сипатта сауалдарын айтып, хабарласып жатады. Бұның бір ғана себебі бар: қай тарихты алсақ та Керей мен Жәнібек қатар жүреді. Сондықтан, бұл екі ханның аты елордадағы үлкен бір көшеде қатар тұрғаны дұрыс. Ал, енді әзірге ономастикалық комиссияның қарауынан өткен, бірақ әлі тұрақты комиссия мен мәслихаттың қарауына шығарылмаған Әбілқайыр хан атындағы көше. Әбілқайыр хан туралы әртүрлі әңгіме бар. Әрине, Әбілқайыр ханның бар «кінәсі» - Ресей империясына алғаш ант бергені. Бірақ, заманның талабы сол болды. Бірақ, Әбілқайыр хан – аумалы-төкпелі заманда атақты Аңырақай шайқасында жеңіскен жеткен хан. 1729 жылы Әбілқайыр ханның қол басшылығымен қазақ әскері Аңырақай шайқасын жеңді. Бұл тарихты ұмытуға болмайды. Сондықтан, Әбілқайыр атымен бір көше аталуы керек. Бұны әрине, жалғыз мен шешпеймін. Бұл арнайы комиссиядан, мәслихат қарауынан өтеді. Ал, қала аумағының кеңеюіне байланысты, ЭКСПО-2017 көрмесіне байланысты, бізге үлкен-үлкен 4-5 көшенің атауын ойлауды тапсырып отыр. Қазақ зиялылары сондағы үш көшені Қасым хан, Есім хан, Тәуке ханның атымен атауды ұсынып отыр. Қазақтың белгілі 17 ханы болған. Бірақ, осы үш хан – қазақ мемлекеттілігінің заң жүйесін қалыптастырған тұлғалар. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы мен Тәуке ханның Жеті жарғысы – біздің қазіргі Ата заңымызға тең. Осы үш хан Қазақ хандығын конституциялық жүйесі бар мемлекет ретінде мойындатты. Тиісті ұсыныс бар, бұл мәселені ономастикалық комиссия міндетті түрде талқылайды. Астананың жаңа орталығында үш ханның көшесі ашылса, лайықты болар еді, – дейді.
Әзірлеген: Досжан Ділдабай.