23 Қыркүйек 2016, 11:17
Атап айтқанда, Қорғанбек Аманжоловқа «Арапа» өлеңдер жинағы үшін, Жанат Әскербекқызына «Айтамғы» өлеңдер жинағы үшін, Қайрат Бақбергеновке «Междуречье» аударма жинағы үшін, Нұрлан Қалқаға «Мизам шауақ» өлеңдер жинағы үшін, Молдахмет Қаназға «Жанқожа Нұрмұмаммедұлы» романы үшін, Өтеген Оралбаевқа «Қағбаның қарлығаштары» жинағы үшін, Жұмагүл Солтиеваға «Сағым қуғандар», «Әйел махаббаты» пьесалары үшін, Әдібай Табылдиевке, Рахым Балабиевке, Сұлтан Оразалыға, Қуанышбай Құрманғалиға «Әдебиетті насихаттаудағы еңбегі үшін» аталған сыйлық берілді.
Жиында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Нұрлан Оразалин сыйлық иегерлерін құттықтап, жылы лебізін білдірді:
«Әдебиеттегі атқарып жүрген қызметі мен міндеті, ел алдындағы абыройы, беделі, қоғамдағы орны жан-жақты ескеріліп, осындай игілікті ұйғарыммен бірқатар жазушылар «Алаш» сыйлығына ие болды. Біздің қазақтың әдебиеті – ұлы әдебиет. Жазушы Мұхтар Мағауиннің айтатыны бар еді: «Әлемде қазақтың әдебиетіне тең келетін әдебиет жоқ» деп. Мен күлем, «Мұха, Мағауиннің орны қалай?» деп. Сөйтсем, «Мағауиннің орнын өзің білесің ғой. Мұхтарлардың ішінде бір-ақ кісі алдыма шығады» дейді. Үш мың жылдан асып жығылатын тарихы бар қазақ әдебиеті талай марғасқаларды, ұлыларды, кемеңгерлерді шығарды. Тәуелсіз қазақ елінің рухани кеңістігін кеңейте беретіндей, қазақ көркемсөзінің құдыретін танытатындай шығармаларды жаза берулеріңізге тілектеспін».
Сұлтан Оразалы, Қазақстан Президентінің «Алтын барыс» белгісінің иегері, Президент сыйлығының және Абай атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты:
– Бұл сыйлықты маған береді деген ойымда жоқ еді. 1995 жылы «Абай елі» деген үлкен кітап шығардым. Ол кезде коммисияның төрағасы Рымғали Нұрғали, Жазушылар Одағындағы ең беделді сыйлықтарды бергізетін адам Мұхтар Мағауин еді. «Абай елі» деген кітап жақсы абыройға ие болып, осыған «Алаш» сыйлығын берейік десті. Марқұм Рымғали қатты кірісіп, «берсеңдер беріңдер» деп келісе кеттім. Сөйтіп жатқанда Мағауин, «мына кітабың жақсы. Абай атаның 150 жылдығына үлкен сыйлықтар берілгелі отыр. Осыны мемлекеттік сыйлыққа ұсынайық. «Алашты» қайтесің, кейін де аласың» деді. Адам пенде емес пе, «өй, мынауың да жақсы екен» деп келістім. Сонымен сыйлыққа ұсынылып, мен ала алмай қалдым. Өмірімде үнемі маған бір дауыс жетпей жүретіні бар, тағы да бір дауыс жетпей қалды,– деп әзілдеген жазушы аталмыш сыйлықтың маңызы зор екендігін айтады.– Бірталай сыйлықтар алдық қой, бірақ «Алаштың» жолы бөлек мен үшін. Менің ұғымымда бұл сыйлықтың қадірі жоғары.
«Алаш» сыйлығының иегері Сұлтан Оразалы – теледраматург, әдебиет зерттеушісі және көсемсөз шебері. Оның қаламынан 300-ге жуық әдеби телехабар, «Қазақ зиялылары туралы антология» топтамасы мен 25 бейнефильм, «Шындық және көркемдік шешім», «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Жүректің көзі ашылса», «От первого лица», «Авторды қорғау – руханиятты қолдау» атты кітаптары жарық көрді. «Абай елі» альбом-шежіресі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде әлемнің 75 еліне тарады. Ол Ғабиден Мұстафин туралы 30 жыл жинаған деректерiн жаңғыртып, фильм түсiрдi.
Жанат Әскербек, ақын, филология ғылымдарының кандидаты:
– Өнердің өлшемі туралы сонау Аристотель заманынан келе жатқан талап қазір де күшін жойған жоқ. Адамзаттық ізгі мұраттарды арқау еткен нағыз туындылар ғана ұлттың рухани азығына айналмақ. Ондай туындылар, шүкіршілік, бізде бар. Бұл сыйлықтың «Алаш» деген атауының өзі біз үшін ерекше құрмет. Алаштың әдебиеті, ұлтың әдебиеті. Салмағы да, абыройы да, беделі зор сыйлық. Осы сыйлыққа ие болғанымыз үшін қуаныштымыз.
Қазақстан Жазушылар Одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы 1992 жылдан бастап беріліп келеді. Алғашқы лауреаттары – Хасен Оралтай, Софы Сматаев, Берік Шаханов, Сәкен Иманасов, Есенғали Раушан.
Ая ӨМІРТАЙ
Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ