Астанада «Журналистер» аллеясы ашылды

4 Шілде 2023, 09:00 1782

Бүгін елорданың 25 жылдығына орай Астана қаласы əкімдігінің бастамасымен бой көтерген «Журналистер» аллеясының салтанатты ашылу рəсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аллея бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің басын қосатын, ортақ жетістіктерін атап өтуге, бұқаралық-мəдени шаралар өткізуге арналған алаңға айналмақ. Сондай-ақ аллеяда баспа саласы қызметкерлерінің құрметіне арнайы «Оқырман» мүсіні жəне тілші мен оператордың арнайы мүсіндері бар. Аталмыш саябақ Егемен Қазақстан көшесі бойында орналасқан.

Шарада алғаш болып сөзді ақпарат жəне қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырəлі бастады.

«Журналистер» саябағының елорда күні қарсаңында «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» орналасқан ғимараттың алдында ашылуының да символикалық мәні бар. Себебі биыл Астанаға 25 жыл толып отыр. Ал енді сол елордамыздың еңселі болуына ардагер журналистер еселі еңбек етті. Сондықтан бұл аллеяны ардагерлерге тарту ретінде қабылдап отырмыз, - деді министр.

Ал Астана қаласының əкімі Жеңіс Қасымбек қала тұрғындарын бас қаланың 25 жылдығымен құттықтап, журналистер аллеясының маңызын атап өтті.

Елордамыз 25 жыл ішінде әкімшілік қана емес, шығармашылық мәдени орталыққа айналды. Бүгінде еліміздің ең ірі басылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің орталық кеңсесі Астанада орналасқан. Осы ретте «Журналистер» аллеясының бас қаламызда бой көтеруі заңды құбылыс деп санаймын, - деді әкім.

Сонымен қатар аталмыш шараға еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, БАҚ ардагерлері мен құрметті өкілдері, мəдени сала қызметкерлері, елордалық мəслихат депутаттары мен жастар қатысты.

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: