Астанада «Жұмысшы мамандықтары қаласы» фестивалі басталды

Бүгiн, 11:46 212

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында елордада «Жұмысшы мамандықтары қаласы» фестивалі ресми түрде басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Фестивальдің ашылуына премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысып жатыр.

Жұмысшы мамандықтары қалашығының ең басты мақсаты – жұмысшы мамандығының жаңа идеологиясын сіздерге, яғни жастарға таныстыру. Жұмысшы мамандығы деген өнімділігі төмен жұмыс емес. Жұмысшы мамандығы деген бүгін дрондарды жинайтын, егіс-алқаптарында дрондарды басқаратын, жаңа технологияларды басқаратын үлкен өндірістегі жаңа профессионал деп айтуымызға болады. Бүгін осы фестивальға қатысушы жастар өз мамандықтарын таңдап, жұмысшы іздеп жүрген компаниялар өзіне қажетті мамандарды жұмысқа тарта алады деп ойлаймын. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Қош келдіңіздер! - деді Тамара Дүйсенова.

Фестиваль болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара әрекеттесу алаңына айналады.

Жұмысшы мамандықтары қаласының қонақтарына арнайы тақырыптық көшелер салынды. Олар: тау-кен металлургия көшесі, инженер-механик және көлік қызметкерлері көшесі, ауыл және су шаруашылығы қызметкерлері көшесі, құрылысшылар көшесі, болашақ мамандықтар, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер бұрышы және тағы басқа.

Бірнеше күн ішінде түрлі семинарлар мен шеберлік сыныптары, мұнай және энергетика салаларындағы тақырыптар бойынша хакатон, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесері, машина жасау бойынша шеберлік сыныптары, концерттер, халықаралық аккредиттелген техникалық және кәсіптік оқыту курстары және тағы басқа іс-шаралар өтеді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: