Астанада жоғары жылдамдықты интернет желісі қосыла бастады

23 Қыркүйек 2022, 07:41 2965

Сапасыз интернет мәселесі 8 жылға жуық уақыт бойы шешімін таппаған. 

«Көктал-2» жеке секторының тұрғындары Gpon технологиясы бойынша 500 Мбит/с-ке дейін жететін жылдамдықпен цифрлық теледидар мен жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz.

Бұл елорданың Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы мен «Kazakh Home Networks» ЖШС (ТМ Almaline) бірлескен жобасының арқасында іске асырылады.

Айта кетейік, аталған аудандағы сапасыз интернет мәселесі 8 жылға жуық уақыт бойы шешімін таппаған. Бүгінде желілерді қосу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, жоғары жылдамдықты интернетке бірінші рет Баршын, Ұлытау, Саумалкөл, Құланөтпес, Айдарлы көшелерінің бойында тұратын Көктал-2-нің батыс бөлігінің тұрғындары қол жеткізеді. Алғашқы абоненттерді қосудың шамамен мерзімі қазан айының ортасы.

Содан кейін жаңа тұрғындардың байланысы шығыс бағытта жүреді. «Көктал-2» талшықты-оптикалық байланыс желілерімен толық қамтуды қараша айының ортасында аяқтау жоспарланып отыр. Аяқталған соң Көктал-1 және Агроқалашық аудандарында да осындай жұмыстар басталады.

Айта кету керек, жеке сектор тұрғындарына тегін қосылу, икемді тарифтік жоспарлар және жоғары қызмет көрсету деңгейі ұсынылады.

Бөлісу: