Астанада ЖЭО-3 және екі газ жылу станциясының құрылысы аяқталды

22 Желтоқсан 2023, 20:22 1152

Биыл Астанада бірқатар инфрақұрылым нысаны салынып, пайдалануға берілді. Олар – «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясы, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңі, ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі және ауыз су станциясы (НФС-3). Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жылумен және сумен жабдықтау мәселелері қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Өткен жылыту маусымында 432 Гкал жылу тапшы болды. Биыл үш жылумен жабдықтау нысанының құрылысы аяқталғандықтан, жағдай керісінше, профицитке шығып тұр. Мысалы, қазан айында ЖЭО-3-тің бірінші кезеңінің құрылысы аяқталды, ол құрылысы ұзаққа созылған нысанға айналған болатын. Аталмыш жылу электр орталығында барлық төрт қазандық жұмыс істейді. Бұл қалаға сағатына 440 Гкал береді. ЖЭО-3 сол жағалаудың бір бөлігін және жаңа салынып жатқан аудандарды жылумен қамтиды. Сондай-ақ, жаңа қуаттар жаңа энергия көздеріне іске қосылды. Бұл газ жылу станциялары (ГЖС) Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр. «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары мен «Тұран» бірінші кезеңінің қуаты сағатына 700 Гкал құрайды. Бұл ЖЭО-3 қуатынан екі есе артық, - деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

«Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясы «Бағыстан», «Мыңжылдық аллеясы» тұрғын үй кешендерін, қаланың сол жағалау бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Ал «Тұран» газ жылу станциясы қаланың сол жағалауында құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандарды қамтиды.

Келер жылы ең алдымен «Телман» газ жылу станциясын және екінші кезекте «Тұран» газ жылу станциясын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл қаланы тағы 850 Гкал/сағ жылу қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша алдағы 5 жыл ішінде резервтік жылу қуатын қамтамасыз етеді.

Берік Арманов
Бөлісу: