Астанада Жеңіс батырларын еске алуға арналған жүгіру өтті

26 Мамыр, 22:12 953

Кеңес одағының батыры, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа ту тіккен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ғасырлық мерейтойына орай елорданың триатлон саябағында 5 және 10 шақырымға жүгіру жарысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, іс-шараны екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді іздеумен және қайта жерлеумен айналысатын «Atamnyn Amanaty» РҚБ ұйымдастырды. 

Оған Қарулы күштердің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның мыңға жуық әскери қызметшісі және 400-ден астам кәсіби жүгіруші мен спорт әуесқойы қатысты. 

Жарысқа қатысушыларға арнап «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов сөз сөйледі.

Даңқты жауынгерлерді еске алу үшін спорттық іс-шаралар өткізу жақсы дәстүрге айналды. Өткен жылы мұнда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің 101 жылдығына арналған жарыс өтті. Бүгінгі жүгіру аты аңызға айналған батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығына орайластырылып отыр. Бұл жарысқа қатысу – батырларды жадымызда ғасырлар бойы сақтау,  олардың өнегесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, ерлігіне құрмет көрсету, – деп атап өтті ол.

Қарулы күштердің әскери қызметшілерімен бірге жүгірген актер Санұржан Сүлейменов аты аңызға айналған қазақстандық жауынгерлерді еске алу жарысында алған әсерімен бөлісті.

«Алтыншы бекет» және «Патриоттар уақыты» фильмдерінде рөлдерді сомдай отырып, мен армияның өмірімен, оның ерекшелігімен, ұдайы дене дайындықтарымен таныспын. Осы жолы тағы да өзімді сынап көргім келді және ата-бабаларымыздың тарихымен байланысты сезінгім келді, – деді жарысқа қатысушы.

Іс-шара аясында концерт ұйымдастырылды, онда ән авторы және орындаушы Нұрлан Әлімжанов сөз сөйледі. Далалық асхана орнатылып, онда жарысқа қатысушылар сарбаз ботқасы мен ыстық шайдан дәм татты.

Зарина Арман
Бөлісу: